close

You are here

28 February 20173985

Адамсыз қоғамдастық

Қазіргі заманда Қазақстандағы ЛГБ (лесбилер, гейлер және бисексуалдар) жағдайы көпшілікке ыңғайлы болып көрінеді. Бұл көпшілік осы жағдайдың өзгерілмеуін қалайды. Сондай көзқарас алдын-ала ұтылысты — бүкіл әлем өзгергенде, Қазақстан да өзгереді. Алайда, осы өзгерістің ерте ме, кеш пе келуін болжау қиын.

I

Кеңес Одағы құлағаннан кейін одақтас республикаларда қоғамдық қатынастардың либерализация процессі жайлап басталып кетті. Бұл процесс ұлттық заңнамада өз көрінісін тапты. Алайда мемлекеттердің көпшілігі, әсіресе бастапқы кезеңдерде, инерция бойынша кеңестік құқықтық нормаларды сақтап қалды. Атап айтсақ, КСРО бұл мемлекеттерге гомосексуалдылық үшін жазаға тарту баптарын қалдырып кетті. Кейбір мемлекеттерде бұл репрессивті бап бірден күшін жойды (Украина 1991 жылы), кейбірінде бұл жағдай кешірек орын алды (Грузия 2000, Армения 2002 жылы). Аумақтың екі ең авторитарлы мемлекеттері Өзбекстан мен Түркіменстанда гейлер мен лесбиандар әлі күнге дейін үш жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ал Қазақстанда бұл бап біршама ұзақ сақталды. Тек 1998 жылы ғана бұл бап Қылмыстық кодекстен алынып тасталды.

1998 жылдан бастап Қазақстан заңнамадан жалған сенімге негізделген бапты алып тастап, өркениетті елдердің қатарына енді деп айтса болады. Алайда, кейінірек мемлекет бұл жолдан кері шегінді. Атап айтсақ, 2011 жылы жаңа “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” Кодекс қабылданды. Бұл кодекстің 11-бабы бір жынысты адамдардың неке құруына тікелей тыйым салды. Шын мәнінде бұл тек мемлекеттің позициясын көрсетуге арналған символикалық әрекет еді. Себебі, бұл арнайы тыйымды жазудың да қажеті жоқ еді, оған дейінгі заңнамада да некенің тек “ер мен әйелдің одағы” екендігі көрсетілген еді.

Тағы да бір бастама бірінші кезекте Ресей ақпараттық ортасының әсерінен пайда болды. 2013 жылы Ресейде “кәмелеттік жасқа толмағандардың арасында дәстүрлі емес сексуалдық қатынастарды дәріптеуге” тыйым салатын заң қабылданып, ол заң 6.21 бап болып Әкімшілік құқықбұзушылықтар Кодексін толықтырды. Осының әсерінен 2015 жылы дәл осындай бастама Қазақстанда да пайда болды. Бұл заң Сенаттан өтті, бірақ қабылданған жоқ. Көптеген эксперттердің айтуы бойынша, бұл заңның қабылданбауы Қазақстанның қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер болғандығымен байланысты болуы керек. Сол кезде Олимпиада ойындарының Қазақстанда өтуіне 27 бұрынғы және қазіргі спортсмен қарсы шыққан болатын. Олар “дәстүрлі емес сексуалдылықты дәріптеуге тыйым салу” заңының Олимпиада қозғалысының құндылықтарына сай емес екендігін көрсетіп, сынай сөйлеген болатын. Дегенмен, көптеген қоғамдық белсенділер бұл заңның Сенат төріне қайта оралып, бұл жолы күшіне еніп кетуінен сескенеді.

II

Қазақстандық заңнама бір жынысты сүйіспеншілікке тыйым салмағанымен, қоғамның ойы мүлде басқа. Өкінішке орай, елдегі гейлер мен лесбиандарға бағытталған дұшпандық өршіп тұр. Бұның себебі бірнеше факторлаға байланысты. Біріншіден, қазақы консерватизм аса маңызды рөл ойнайды. Екіншіден, діннің де әсері мол. Үшіншіден, аға буынның арасында гомосексуалдылықты қылмыс деп танып, оны айыптайтын кеңестік көзқарастар қалып қойған. Төртіншіден, жалпы елдегі гуманитарлық білімнің, оның ішінде әсіресе, гендерлік және сексуалдық білімнің төмендігін атап айтып кеткен жөн. 2009 жылы “Сорос-Қазақстан” Қорының қаржыландыруымен «Невидимые и незащищенные: лесбиянки, геи, бисексуалы и трансгендеры в Казахстане» атты баяндама жарық көрді. Бұл баяндамаға сәйкес, санаққа қатысқандардың 81,2 пайызы қоғамның гомосексуалдылыққа жек көрінішпен және жиіркенішпен қарайтындығын айтқан. Бұған көз жеткізу үшін БАҚ-та жарық көрген гейлерге қатысты кез келген мақаланың астындағы пікірлерді оқуға болады. Бұл пікірлер көбіне дұшпандықты білдіріп, ЛГБТ-ға қарсы зорлық-зомбылықты дәріптейді, моральдық тұрғыдан айыптайды және т.б.

Әрине, соңғы жылдарда жағдай өзгеріп келеді. Алайда өзгеріс темпі тым баяу және қол жеткен өзгерістер де тұрақты емес. 2016 жылы Фридрих Эберт Қоры «Молодежь Центральной Азии. Казахстан» атты социологиялық зерттеу жүргізді. Бұл зерттеу маңызды екі тенденцияны көрсетті. Бір жағынан, жастардың ЛГБТ қауымдастығына деген қарым қатынасы жүрекке үміт ұялатады. Өздерін мұсылман немесе христиан деп таныстырған респонденттердің сәйкесінше 61,8 және 44,7 пайызы гомосексуалдарға деген қатынасын “негативті” немесе “өте негативті” деп көрсеткен. Алайда, біршама көп бөлігі нейтралды қатынастарын жасырмаған (сәйкесінше 28 және 44,6 пайыз). Алайда, бұл нейтралды позицияны тек екі облыс (Алматы және Жамбыл) пен Астана тұрғындары ғана көрсеткен. Ал енді екінші жағынан, ЛГБТ әлі күнге дейін жағымсыздар тізімін бастап келеді. Мысалы, қандай адаммен көршілес болғыңыз келмес еді деген сұраққа берілген жауаптардың арасында ЛГБТ алкоголиктер мен нашақорлардан кейінгі үшінші орында.

Күрделі жағдайдың орнап тұрғандығын құқық қорғаушылар дайындаған адам құқықтары жайындағы альтернативті баяндамалар да дәлелдейді. Осылайша 2015 жылы Human Rights Watch халықаралық ұйымы терең зерттеу жүргізген. Зерттеуде былай делінген:

«Хьюман Райтс Вотч ұйымы сұхбаттасқан ЛГБТ мүшелері қорқыныштың өмірдің барлық салаларын жаулап алғандығын жеткізген. Олардың сексуалдық немесе гендерлік тұлғалары оларға жұмыс істеуге, білім алуға немесе медициналық көмек алуға кедергі келтіруі мүмкін деген қорқыныш немесе жай ғана көшеде келе жатып зорлыққа ұшырау қаупі, кейде тіпті психологиялық зомбылыққа бейім келетін туыстарымен сөйлесу қорқынышы олардың өмірлерін құрсауда ұстайды».

БҰҰ-ның Адам құқықтары комитетінің 2016 жылдың тамыз айында жарық көрген қортындысында Комитет өзінің сексуалдылық немесе гендерлік тұлға негізіндегі дискриминация мен зорлық-зомбылық фактілері жайында, ағымдағы заңнамада гей, лесбиан, бисексуал немесе трансгендерді дискриминациядан қорғайтын баптардың жоқтығы жайына алаңдаушылық білдіретіндігі жайында жазылған.

III

Қазақстанда ЛГБТ құқықтарының дамымай тұрғанына бірнеше ішкі себептер бар.

1. 25 жыл бойы біз әлі күнге дейін ЛГБТ қауымдастығын құра алмадық. Бұл негізінен коммуникация жолдарының жоқтығына байланысты, алайда, тіпті интернеттің дамуы да қауымдастықтың қалыптасуына алып келе алмады. Сонымен қатар, бұл елдегі гей мәдениет пен гей сананың қалыптаспағандығының салдары. Гомосексуалдардың ортақ құндылықтары жоқ және біреге жұмыс істеудің қажеттігін сезінбейді. Қарым-қатынастың басты түрі қоғамдық коммуникация емес, сексуалдық қатынастар.

2. Қазіргі күнде қауымдастықтың негізгі ақпараттық платформасы бола алатын, қауымдастық мүшелері елде болып жатқан мәселелер жайында өз ойын білдіре алатын медиа ресурс жоқ. Бірнеше жыл бойы Қазақстанда Boys.kz форумы жұмыс істеп тұрды. Бұл форум Қазақстандық жағдайда гейлер мен лесбиандар және бисексуалдар өз ойларымен бөлісе алатын бірден бір сапалы коммуникация жолы болды. Алайда, өкінішке орай, көп ұзамай форум өз жұмысын тоқтатты да, қалыптасып үлгермеген қауымдастық дискуссия алаңынан айрылды.

3. 2015 жылы ішкі гомофобияның жоғары деңгейлерін әшкерелеген “Құрмағазы-Пушкин” постерінің айналасындағы дау орын алды. Естеріңізге сала кетсек, Алматыдағы гей клуб орналасқан қиылыстағы постерде қазақ композиторы Құрманғазы мен орыс ақыны Пушкиннің сүйісіп тұрғаны бейнеленген. Бұл қоғамда үлкен дау-дамай тудырып, тіпті постердің авторын сот арқылы жауапқа тартуға дейін барды. Пікірлер қарама-қайшылығы ЛГБ қауымдастығының өз ішінде де орын алды. Әлеуметтік желілердегі тематикалық топтарда гейлер мен лесбиандар екі лагерьге бөлінді. Біреулерінің ойынша, бұл постер жүлдеге лайық сапалы туынды болды. Ал енді біреулер бұндай даудың қажеті жоқ екенін, бұның босқа гей қауымдастығына қоғам назарын аударып, агрессияға алып келуі мүмкін екендігін айтып бақты. Көптеген гейлердің гомофобтық пиғылдары әшкере болды. Олар гейлер тек тығылып өмір сүруі керек, өздерінің бар екендігін жария етуі керек емес деп ойлайды.

4. Тәуелсіздік алған сәттен бастап, тек қана ЛГБ және Т қауымдастықтарының мәселелерімен айналысатын Үкіметтік емес ұйым құруға бірнеше рет талпыныс жасалды. Ұзақ уақыт жұмыс істеген тек екі ұйымды айтып кетуге болады – қазіргі уақытта жұмысын тоқтатқан “Амулет” ұйымы және “Адали” ұйымы. Өкінішке орай, бұл ұйымдар ЛГБТ қауымдастығының да, жалпы қоғамның да мәдени деңгейін көтеруде және білім беруде елеулі жұмыс жасай алған жоқ. Екі ұйым да негізінен АИТВ/ЖИТС мәселелері бойынша жұмыс атқарды. Дегенмен де, соңғы уақытта орын алған позитивті өзгерістерді де атап кету міндетті. Мысалы, Алматыда лесбиандар мәселесі мен феминизмге ден қойған “Феминита” ұйымы және трансгендерлермен және квирмен жұмыс істейтін Alma-TQ ұйымдары құрылды. Әлбетте, бұл секілді бөлініс қауымдастықтың әр бөлігінің қажеттіліктерін ұтымды өтеуге мүмкіндік береді, алайда жалпыға ортақ мәселелерде тілектестік пен ұйымшылдықтың маңызды екенін де есте ұстаған жөн.

5. ЛГБТ қауымдастығының мәселелері күн тәртібіне көтерілмегендіктен, билік тарапынан да саяси ерік байқалмайды. Мемлекет дискриминацияға ұшырайтын азшылықтардың құқығын қорғау бастамасын өзі көтермейтіндігі айдан анық.

Тағы да кейбір сыртқы факторларды да атап кету керек. Әлбетте, қазақстандықтардың құқығы үшін қазақстандықтар өздері күресуі керек, алайда, біз үшін халықаралық қауымдастықтың да белсенді позициясы маңызды. Бір шетінен бұл позиция жергілікті активисттік топтарға көмек көрсету арқылы байқалса, екінші бір шетінен Қазақстанның мемлекеттік органдарына БАҚ арқылы немесе халықаралық ұйымдар мен елшіліктердің дипломатиялық ноталары арқылы әсер етуде байқалуы мүмкін. Бұл әрекеттердің тек жергілікті қауымдастықтың белсенді әрекеттестігі болғанда ғана пайдасы бар екендігін тағы да еске салып өтеміз. Солай дегенмен де, сырттан көмексіз қазақстандық активисттердің жұмысы біршама қиындай түседі.

Kok.team порталы өз алдына өзін ЛГБ халықаралық отбасының мүшесі сезінетін адамдардың арасында әлеуметтік және интеллектуалдық байланыстар орнату мақсатын қоя отырып, Қазақстанның да гомо- және бисексуалды адамдар қысылмай өмір сүре алатын мемлекетке айналғанын қалайды. Атап айтқанда, жобаның алдында екі үлкен міндет тұр: ғылыми зерттеушілік контентті жинақтау және тарату; сонымен қатар, қазақ тілінде контент жасау. Қазақстандық белсенділердің мойындарына өкініш және ұят болып тағылған бір мәселе – осыған дейін бір де бір рет мемлекеттік тілде ЛГБ тақырыбын қозғайтын ресурс болмаған. Осының салдарынан ЛГБ отбасының үлкен бөлігі қазақ тілділер ақпараттық вакуумде қалып қойды. Тек қана қазақ тілінде сөйлейтін қыздар мен жігіттер өздерінің әлеуметтік, мәдени, биологиялық тұлғалары жайында ақпаратқа қол жеткізе алмай, жұқпалы аурулардың алдын алу секілді маңызды мәселелерден хабарсыз қалды. Біздің топтың мақсаты – осы үлкен мәселенің шешімін табу.

Бір мүдде мен ортақ проблемаларға ие азаматтар бірігіп жұмыс істеп, бір-біріне қолдау көрсетпейінше және қоғамдастық үшін жауапкершілікті өз мойнына алмайынша, қоғамда өзгеріс болады деп үміттену бекер екендігін бізге өзге мемлекеттердің тәжірибесі мен тарих көрсетіп отыр. Қазақстандық гей, лесбиан және бисексуал азаматтардың да жалғыз жолы осы. Бұл жолға түскен алғашқылар біз емеспіз, біздің міндетіміз – тек қозғалысты тоқтатпау.

Пікірлер