close

You are here

26 May 20178345

Лесбиян және қатын

Біздің қоғам патриархат үстемдік құрған құрылым болғандықтан, жалпы әйелдерге және оның ішінде, әсіресе, әйелді сүйетін әйелге өз құтты орнын табу қиынға соғады. Зорлық-зомбылық, ұдайы кемсітушілікті былай қойғанда, әйел жынысына көбіне өз атауы үшін де күресуге тура келіп жатады. Оның ішінде жалпы түрік тілінде төре әйелдің атына қосылып айтылып келген “қатын” сөзінің аяқ астынан сұрқия болып шыға келгендігі мен “лесбиан” атауының тіпті лесбиан әйелдердің өздері үшін де жағымсыз атауға айналғандығы бізді ерекше қынжылтады. Ендеше осы атауларға бір көз жүгіртіп, оларға өз бағамызды беріп көрейік.  

Лесбиан деген кім?

Заманымызда кең тараған, бойымызға сіңіп, әдетке айналған патриархалды құрылымда әйелдерге қатысты атаулардың барлығы дерлік кемсітуге, жек көруге, жиіркенуге байланыстырылатын себепті, лесбиян деп атаудың да қай қоғамда болмасын, мағынасы жаман, жиіркенішті, қор болған сияқты мағынада айтылып кеткен. Қазіргі кезде өзін лесбиянмын деп атайтын кісінің көбі әйел жынысты болып келеді. Бірақ бұл сөздің шығу тегі Эгей теңізіндегі Лесбос аралының тұрғыны дегенді білдіреді.

Сексуалды бағыты әйел жынысына тартатын әйелдерді лесбиян деп атау - осы аралда өмір сүрген Сапфо деген оқымысты әрі ақын кісіге байланысты. Замандастарының жазып қалдырған деректері бойынша, танымал оқытушы және атақты ақын болған әйел.

Сапфо өлгеннен кейін 300 жылдан соң, әйелдерге ынтызар болып жазған жырларын мазақ қылып, талғамсыз әрі лесбиян деп Жаңа Комедияда сатираға қосқан екен. Патриархат күшіне ену барысында, Сапфоның өлеңдерінің денін бетімен кеткендік деп Папа Грегори X ғ өртеп жіберген көрінеді. Яғни сол замандарда әйелдерді кемсітудің, әйел табын басып ұстаудың бір көрінісі - бір әйел басқа әйелге ғашық болуын, сезімін айтып жырлауына тиым салу еді.

Сапфо ақын
Сапфо ақын

Бағзы заманда кісілерді шыққан жерінің атымен атайтыны белгілі. Сол себепті, шыққан жері Лесбос аралы болған соң, Сапфоны Лесбиян деп атаған. Ал, осы Сапфо Лесбиянның басқа әйелге ғашық болуы, сондай махаббатын жырға қосуына байланысты, әйелге ғашық болған әйелдерді де лесбиян деп атау қалыптасқан.

Кемсітудің тегі

Жақтастары көп әрі күшті езуші топ үшін өзіне түсініксіз, жат көрінетін кез келген нәрсені осылай кемсіте салуы өте кең тараған. Мысалы, тұрмысы өзіңдікіне ұқсамайтын көрші халықты кемсіту, денсаулығы нашар немесе шалажансар, әлсіз адамдарды кемсіту, әйел атаулыны кемсіту, тері түсі қара адамдарды кемсіту, бойы аласа болғаны үшін кемсіту, тағысын тағы кемсітудің түр-түрлері бар.

Әйел заты ер адамға жат, түсініксіз, оғаш көрінеді. Әйелдің денесі, істеген ісі, жүрген-тұрғаны ер адамның өзінің денесі, ісі мен жүрген-тұрғанына ұқсамайтын болғандықтан түсініксіз, қауіпті, күлкілі, сүйіспеншілік, таң қалу және басқа да эмоциялар тудырады.

Патриархатта билеуші топ билік пен шешім қабылдауды жұдырықта ұстау үшін, жат пен жауды басып-жаншып, дегеніне көндіріп, бағындырып, уысынан шығармауға тырысады. Соның салдарынан ғасырлар бойы әйел табы жаншылып, күштілердің қолында әйел болып туғаны үшін қор болып, мал-жануармен қатар сатылып немесе ақысыз ауыр жұмысқа салынып келгені белгілі.

Бұлай әйелдерді жаншып ұстау қағандар заманынан кейін басталды ма, бұрын болды ма, ол жағын ашып біле алмаймыз. Білетініміз, әйелдің дауысы, ойы, көзқарасы соңғы бір-екі жарым ғасырда ғана шыға бастады. Бізге белгілі оқымысты XX ғ басында өмір сүрген Нәзипа Құлжанова 1923 жылы “Қазақтың әйелі қараңғыға қармалып, адамшылық сипатынан айырылып жүрген күң екені айтылып келеді, бұған еш дау жоқ. Онымен ерлеріміздің де жарқырап, аспандап кеткен еш нәрсесі жоқ” деп жазады.

Патриархалды жүйеде заттарды, адамдарды, істерді жақсы-жаман деп қақ бөледі. Жақсы мен жаман бір біріне қарама-қайшы қойылады. Ерге қатысты нәрселер жақсы делінсе, мысалы “ер екенісің”, “нағыз еркек” деген сөздер жақсы мағына болса, “қатын құсап”, “қатынсың ба” деген сөздер жаман мағынада айтылады.

Қатын болу қор емес

Ал, “қатын” сөзі түрік бітікте кезінде қағанның шешесіне немесе қағанның әйеліне қатысты айтылған дерек бар. “Қатын” деген сөз “қаған” деген сөзбен қатар айтылады. V-VII ғғ өмір сүрген түріктер, қатын аталған әйелдер жаман болғандықтан шешесін жек көргеннен, кемсіткеннен қатын атауы мүмкін деп ойлау ақылға қонбайды. Керісінше, қатын сөзінің бұдан ғасырлар бұрынғы мағынасы біздің кезімізден гөрі әлде қайда жақсы болған сияқты. Яғни кейін келе әйел затын кемсіту өршеленіп, бұл “қатын” деген сөз әйелге қатысты болғаны үшін жаман дегенмен пара-пар болып кетеді. Мүмкін қатын деген билеуші таптағы әйел болғандықтан да, билеушілерді жек көрген соң, қара халық қағанды қарғауға қорқып, қатынын даттаудан аса алмаған ынжықтықтан да болуы мүмкін. Не болса да, “қатын” сөзі, әйелге қатысты болғандықтан, қазіргі мағынасы жаман жаққа ығысқан.

Дәл осы қазақ тіліндегі “қатын” сөзі сияқты, ағылшын тілінде де gay, lesbian, queer деген сөздер алғашқы мағыналары аса бір жек көрушілікпен айтылмаса да, келе-келе гомосексуалды немесе көпшіліктің үйреншікті қалпынан оғаш көрінетін адамдарды солай атап, шеттетіп, кемсіту мақсатында бұл сөздердің мағынасын жаман жаққа ысырып жіберген.

Сонымен, queer сөзі лесбиян және гей кісілерді біріктіре атауға арнап пайдаланылған. Өздерінің құқықтары, ар-ождандары, денсаулығы, т.с.с. өмірдегі тиесілі орны үшін күресуге арналған манифестті жазушылар гей және лесбияндарды өзін осылай queer деп атауға шақырған.

“Бұл сөзден еш ұялудың қажеті жоқ. Ия, мен осылай сендердің құрған тар қапастарыңа сыймаймын, елден ерекпін, көзге оғашпын! Енді қайтесің?!” деген мағынада айтылған. Жалпы queer сөзін қазір тек лесбиян мен гей кісілерді қосып атамайды, патриархалды негізде құрылған ақ-қара, жақсы-жаман, әйел-еркек, т.с.с. болып қақ бөлінген қоғамда өзін ыңғайсыз, оғаш сезінетін, орнын таппай даулайтын адамның бәріне қолдануға болады.

Лесбиян және қатын деген сөздерді алғашқы мағынасын қайта қалпына келтіру үшін, лесбияндар мен қатындар өздерін солай лесбиянмын не қатынмын деп атап, өздерін лесбиян не қатын болғанын толық сезініп, қабылдап, жұрттарды өзін солай атауға көндіруі керек. Сол кезде бұл сөздердің мағынасы лесбиян деген әйелді сүйетін әйел, ал қатын деген тұрмыс құрған, ересек жастағы кез келген әйелге қатысты айтылатын сөз болып кетеді.

Жалғасы бар…

Түсіндірме

Патриархат – қоғамда әйелдер және жасырақ ер адамдардың алдында әлеуметтік, мәдени және экономикалық үстемдігін орнату және сақтау мақсатында ер адамдар қолданатын жүйе.

Квир (queer) – бұл термин дәстүрлі тұлғалық немесе мінез-құлық классификацияларына жатпайтын кез келген адамды сипаттау үшін қолданылады.

Пікірлер

Log in or register to post comments

Или войти через: