close

You are here

07 August 20172589

Қазақстан ЛГБТ қауымдастығынан Өзбекстан Президентіне үндеу

Өзбекстан Республикасының Президенті

Шавкат Миромонович Мирзиёевқа

Үндеу

Құрметті Президент мырза!

Қазақстандағы ЛГБТ қауымдастығын құрайтын бір жарым миллион адамның атынан сізге үндеу тастауға рұқсат етіңіз. Сіз сайланғалы бері Өзбекстан Республикасындағы елеулі реформалардың барысын біз де мұқият бақылап отырмыз. Экономикаға еркіндік беру, орта және шағын бизнесті қолдау, қарулы күштер жүйесін жетілдіру мен білім беру жүйесін жаңарту жолында жасаған қадамдарыңыз оңтайлы болатынына сенімдіміз. Сонымен қатар, еркіндіктің тек экономика саласында ғана емес, саяси, қоғамдық және мәдени салаларда да біршама ұлғайғанын байқаймыз. Бұқаралық ақпарат құралдарында да өзгерістер байқалады.

Ағымдағы реформаларға байланысты, кеңестік кезеңнен бері өзгеріссіз келе жатқан бір жынысты қатынас үшін жаза тағайындайтын заңды алып тастау үшін Қылмыстық Кодекске өзгеріс енгізуіңізді сұраймыз. Пост-советтік аумақта гомосексуалдылықты қылмыс деп танитын тек Өзбекстан мен Түркіменстан мемлекеттері ғана қалды. Біз сізді үлкен гуманисттік әрекет жасап, Өзбекстандағы ЛГБТ қауымдастығына еркін өмір сүруге мүмкіндік беруге шақырамыз.

Қазақстанда осы заңның қудалауынан қашып келген ЛГБТ өзбек азаматтары көп. Олардың барлығы да өз отанына сансыз пайдасын тигізе алатын аса дарынды, кәсіпқой адамдар. Олардың сөзіне қарағанда, аталған заң көбіне заңды белден басқан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қолындағы жемқорлық пен зомбылықтың құралы ретінде ғана қолданылатын болса керек. Олар гейлерді алдап қолға түсіріп алып, артынша заңға сүйене отырып бопсалап, ақша сұрайтын көрінеді.

Аталған заңды алып тастау арқылы сіз жүз мыңдаған гей, лесбиян, бисексуал және трансгендер азаматтарға еркін өмір сүруге мүмкіндік бересіз.

Гомосексуалдардың басқа адамдардан еш айырмасы жоқ. Гомосексуалдылық психикалық немесе физиологиялық ауытқуға жатпайды. Өзбекстан Республикасы 1992 жылы мүше болып кірген Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымы 1990 жылдың өзінде гомосексуалдылықты аурулар реестрінен алып тастаған болатын.

Бұл қадам заманауи, гуманисттік мемлекет болу жолында жасалған қадам болар еді. Өзбекстан өз тарихында осы аумақтың көшбасшысы болып келді. Ал қазір, Өзбекстанның еңбекқор халқы ұтымды реформалар арқылы әлемдегі өз орнын табуға мүмкіндік алып отыр. Алайда, қылмыстық кодексте сүйіспеншілікті қылмыс деп танитын заңды қалдыру мемлекеттің имиджінде қара дақ болып қала берері анық.

Құрметті Шавкат Миромонович, Қылмыстық кодекстен аталған бапты алып тастау арқылы сіз өз еліңіздің тарихында және барлық әлемдегі миллиондаған халықтың жадында жарқын тұлға ретінде атыңызды қалдырар едіңіз.

                                               Ізгі ниетпен және үлкен үмітпен, Қазақстанның ЛГБТ қауымдастығы өкілдері

Пікірлер