close

You are here

15 August 20174509

Каминг ауттың жолдары

Университетте оқып жүрген кезімде бір группаласым бар еді. Шіркін, көздері ботаның көзіндей, аққұба жүзді, сұлу да сымбатты жігіт болатын. Жасырып не қылайын, мен оған өлермен ғашық едім. Ғашық адамның көзіне не көрінбесін, мен ұдайы оның әрекеттерінен, көзқарастарынан өзіме деген ынтызарлықты көре беретінмін. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, қай натурал жігін (қандай натурал жігіт?) басқа бір жігітті, яғни мені, қыдыруға шақырады? Не болмаса қандай жігіт курстық жұмысыңды компьтерде теріп беруге көмектеседі (ол аш-жалаңаш студенттік кезеңдерде курсовой дегенді қолмен жазатынбыз) немесе (Құдай, не дейді) өз үйіне қонаққа шақырады? Оның әр сөзін мен ашық қырындау деп түсініп, әр буынының сытырынан, салаларының қытырынан болашақ отбасы бақытының бейнесін көре бердім.

Алайда, мен де сол секілді екенімді білдіру үшін оған ашық айту керек болды. Оған айтамын деп бата алмай ұзақ жүрдім. Қорыққандағы әдетімше оған жүзбе жүз айтпай, электронды хат жібердім. Сүйемін демеді, тек гей екендігімді ғана айттым.

Жауабына мен достық лебізге толы, тіпті қолдау көрсететін хат алдым. Ол ештеңе етпейді, біздің достығымызға бұның әсері болмайды деді. Сол хатқа қосып жазып жіберген керемет кеңесі әлі де есімде: “Сен қазір жүзумен айналысып жүрсің ғой. Спорт тестостерон деңгейін жоғарлатады дейді ғой. Мүмкін саған да көмектесер”. Сөйтсем, менің досым натурал болғаны былай тұрсын, адам сексуалдылығы туралы хабардан мақрұм, гомосексуалдылық тестостерон жетіспеушілігінен болады деп ойлайтын қарапайым алматылық жігіт екен. Бұл менің ең алғашқы каминг аутым болатын. Ғашықтықтың әсерінен жасалған, онша жоспарланбаған каминг аут болды. Әйтеуір, бірақ, соңы оңды бітті.

Уақыт өте келе бұдан күрделірек тактикаларды қолдана бастадым. Сол тактикалар туралы бірер сөз қозғайын.

Біріншіден, біреу ашылудың сізге не үшін қажет екендігін нақты шешіп алыңыз. Гомосексуалдардың арасында өз ориентациясы туралы жан баласына тіс жармай, жасырын ұстайтын Джеймс Бондтар да бар. Олар үшін біреу айтып жатудың тіпті қажеті де жоқ сияқты. Менің жеке ойым бойынша, әр гей не лесбианның ол туралы шындықты білетін кем дегенде бір досы болуы тиіс. Біреуге айтқаннан кейін жаныңыз жай тапқандай болып, тар қапастан жарыққа шыққандай боласыз. Бұл әсіресе әлі ЛГБТ қауымдастығынан таныстарыңыз жоқ кезде, мұңыңызды шағуға, қуанышыңызбен бөлісуге көмегін береді.

Екіншіден, өз каминг аутыңыздың нысанын таңдаңыз. Алғашқы адам қыз бала болғаны дұрыс. Әдетте қыздар ер балалар секілді агрессивті гомофоб бола бермейді.

Үшіншіден, таңдаған нысанды гомофобия белгілеріне жақсылап зерттеу керек. Мысалы не істеуге болады? Аяңдап бастап, әлгі Дамблдор, Шелдон Купер, Спок, Ходорды ойнайтын актер гей екен ғой, білесің ба деп әңгіме бастауға болады. Жауабын мұқият тыңдап, эмоцияларын бақылаңыз.

Немесе бірге “Облачный Атлас” фильмін көрсеңіздер болады. Гей сүйісі бар жерінде таңдалған нысан мұрнын тыржитпай, жиіркенбей ары қарай көре беретін болса, демек аяңдап мақсатыңызға жақындай беруге болады деген сөз.

Тіпті болмаса жергілікті немесе халықаралық бір жаңалықты сылтауратып, ЛГБТ жайлы ойың қандай деп тура сұрауға болады.

Төртіншіден, егер тіпті соншама дайындықтан кейін де анау мынау жағдай болып қалса, қауіп деңгейі тым жоғары емес па екен көз жеткізіп алған жөн. Ол адам сізге эмоционалдық тұрғыдан қаншалықты жақын? Жұртқа жайып салып жүрмейді ма деген секілді сұрақтар ұдайы жадыңызда болсын.

Егер жоғарыда аталған пунктілер бойынша барлығы дұрыс болса бір кешті таңдаңыз. Кеш болғаны дұрыс. Себебі, адамдар кешке әдетте босаңсып, терең мәнді әңгімеге дайын болады. Аздар сыра ішіп алсаңыз да болады (батылдық үшін). Сөйтіп өз көкейіңіздегіні айтыңыз. Әдетте барлығы жақсы болады. Менің жеке статистикам бойынша нашар аяқталған каминг ауттар өте аз. Менің достарымның арасында да өз жақындарына ашылып, түсіністік пен қолдау тапқандар көп. Оның үстіне енді сіздерің қарым қатынастарыңызда жалғандық болмайды. Нәтижесінде бір біріңізді тіпті жақындаса түсулеріңіз мүмкін.

Ал егер сізді қабылдамай қойса, онда тіпті жақсы. Енді сіз сізді қолдамайтын жалған досқа өз уақытыңыз бен лебізіңізді ысырап қылмайсыз.


Редакция тарапынан. Өз есіңізде ерекше қалған каминг аут жайлы оқиғаңыз болса, біздің редакцияның адресіне office@kok.team жазып жіберіңіздер. Сәтті, сәтсіз, қызықты қандай оқиға болмасын тақырыпқа сай келеді.

Пікірлер

Log in or register to post comments

Или войти через: