close

You are here

«Жылы шырайлы» Астана

05 September 2020 185
Аудармашы: Макс

Соңғы кездері көп адамдармен сөйлесемін. Себептері әртүрлі- флирт, пікірталас, көмек сұрайтындар да болып тұрады.

Сөйлесу барысында Қазақстан жігіттерінің АИТВ/ЖИТС және жыныс қатынасынан жұғатын аурулар (ЖҚЖА) жайындағы білімдері таяздығына таң қалдым. Айналада көп ақпарат болса да, көпшілік оған назар аудармайды, оқымайды. Өзіне тимегенше күтіп жүретіндей. Бұл олардың өз шаруалары, дегенмен адамдарға ақыл-кеңес берер алдында «жылы шырайлы бөлме» (дружественный кабинет) қызметін байқап көруге бел будым. Егер білмейтін болсаңыз, жылы шырайлы бөлме- медициналық мекемелердегі ЛГБТ өкілдері бара алатын, білікті мамандар отыратын бөлме. Жылы шырайлы бөлмеде керекті ақпарат алуға, әртүрлі ауруларға тест тапсыруға болады және ең бастысы ол жерде сізге артық сұрақтар қойылмайды. Әдетте мен АИТВ тестін жылы шырайлы бөлмеге назар аудармастан қарапайым ем бөлмесінде тапсыратынмын, бірақ осы жолы бұл бөлме қалай жұмыс жасайтындығын тексеріп көрейін деп шештім.

Сайттан бастадым. Сайт өте нашар- мобильді құралдарға бейімделінбеген, смартфоннан оқу мүмкін емес. Тек регистратурамен байланыс ақпараты берілген. Хабарласып көрдім. Қысқаша ғана жауап алдым: «Біздің орталық тек қана АИТВ/ЖИТС алдын алу шараларымен айналысады, сондықтан да тек осы екі (!) ауруға тест өткіземіз». Жақсы деп ішімнен бір ойлап қойдым. Kok.team- де біршама қалалардағы жылы шырайлы бөлмелер тізімі бар. Мекен-жайы, бөлме нөмірі, жұмыс графигі бәрі дұрыс. Бірақ тек «екі» аурумен айналысатын регистратура нөмірі көрсетілген. Астанада АИТВ/ЖИТС- пен күрес және алдын алу орталығы Есенберлин 5/1- де орналасқан. Келе қалғанда «Такси! Квартира! Қыздар!» деген сөздерді бірден естуге болатын вокзалмен бір орамда орналасқандығы өте қызық. Менің қалам Ақтаудағы сияқты адам шошытарлық АИТВ/ЖИТС деген жазу жоқ, ғимарат та әдемі екен. Қолыңызды еш қиындықсыз дезинфекция жасау үшін әр қабатта санитайзер диспенсерлері орнатылған. Бахилалар кіреберісте қойылған. Регистратура үстелшесінің жанында күзетші отыр. Менің шалған қоңырауларыма жауап берген адам екені көрініп тұр. Мені үшінші рет қабылдамай қоя ма екен деген оймен тура бесінші қабаттағы 500-інші бөлмеге бет алдым. Бөлме дәл баспалдақ алаңында екен, кезекке тұру сияқты артық шаруа керек емес.

Есіктегі жазба: «500. Дружественный кабинет, график работы с 10:30 до 17:00».

Плюстары. АИТВ тесті тегін және анонимді. Жалған болса да инициалдарыңызды ғана беру керек, маңыздысы есіңізге сақтап алуыңыз қажет. Егер сіз гей немесе бисексуал болсаңыз еркектермен жыныстық қатынасқа түсіп тұратыныңызды бірден айтқан жөн- бұл сөз оларға әлдеқайда түсініктірек. Не болмаса 103 деген код. Бұл дұрыс статистика үшін және қолжетімді АИТВ, ЖҚЖА алдын алу бағдарламаларының ақылы болып кетпеуі үшін маңызды. Шетелдік қолдаушылар мен үкімет бұл қызметке сұраныс бар екендігін түсінуі қажет.

Содан соң, карточканы толтырдым да, тек қана АИТВ емес және де болса басқа ауруларға тест алуларын сұрадым. Дәрігерден алған жауабым тек АИТВ тесті және микрореакция бар екендігі. Мен қызметтер арасында басқа да тесттер бар екендігін білгендіктен, ПТР тестін тапсыру жайлы сұрадым. Симптомдар болмаса тест тапсырудың қажеті жоқ деген жауап алдым. Дәретханаға барғанда ауырады және қышиды деп ойдан өтірік шығардым. Менің айтқанымнан қайтпайтынымды біліп, шкафқа қарай қимылдады.

Минустары. Қаңтар айында болған тест нәтижесін әп-сәтте көрсететін АИТВ экспресс-тесті осы жолы болған жоқ. Сондықтан басқа тесттермен бірге нәтижелерді екі күн күтуге тура келді.

Тағы да маған олардың тіл табыса білмеуі ұнамады- әңгіме қысқа да танымсыз болды, қосымша қызметтерді жақтырмай көрсетеді. Егер Алматы мен Ақтөбедегі бөлмелермен салыстырсақ, бұл қалаларда дәрігерлер әлдеқайда жылы шырайлы еді.

Егер анализ нәтижесінде бір ауру табылса шошымаңыз. Егер ЖҚЖА табылса сізді тері-венерология диспансеріне жібереді. Ал ауру АИТВ болған жағдайда дәл сол ғимаратта эпидемиологтар бар. Қазіргі таңда АИТВ- дан ешкім өлмейді, ЖҚЖА- дан айтпаса да белгілі.

Егер сізде мекен-жай тіркемесі жоқ болғандықтан аурухана қабылдамаса не істеу керек?

Мекен-жай тіркемеңіз жоқ деп сізді АИТВ орталығы мен тері-венерология диспансеріне кіргізбей қойса алаңдамаңыз. Сізге бар болғаны тұрғылықты мекен-жайыңызға қарайтын поликлиникаға тіркелу керек.

Мұның бірнеше жолдары бар:

  • егер ЭЦҚ- ңыз бар болса egov.kz арқылы онлайн жасауға болады
  • ХҚКО арқылы тіркелуге болады
  • ең оңай жолы: жеке куәлік көшірмесімен поликлиникаға барып өтініш жазу. Үш күн ішінде сіздің атыңыз тіркелген халық регистрінің (регистр прикрепленного населения) ақпарат жүйесінде пайда болады.

АИТВ әзірше емделмейді, бірақ қазіргі препараттардың күшін есепке алсақ тіпті диабеттің өзі қауіптірек. Ретровирусқа қарсы терапия тегін жүргізіледі. Терапияны қаншалықты ерте бастасаңыз, соншалықты жақсы. Вирус анықталған сәтте ақ терапияны бастауды талап етіңіз. Дәрігерлердің нұсқауын күтіп жүрмеңіз, дәрілер бағасына үнемдеп қалуы үшін әдейі созып жүрген жағдайлар болған.

Кейбір ЖҚЖА қоғамға қауіпті аурулар ретінде тегін емделеді. Квота арқылы өте аз бөлінетін дәрі- дәрмектерді өзіңіз сатып алу керек болуыңыз мүмкін. Дегенмен, емделу, тексерілу және әртүрлі процедуралар үшін төлеудің қажеті жоқ.

Өзіңіздің денсаулығыңызға абай болыңыз!

Пікірлер

Log in or register to post comments

Или войти через:

You are reporting a typo in the following text:
Simply click the "Send typo report" button to complete the report. You can also include a comment.