close

You are here

FAQ для общества

  • Гейлердің балалары да гей болып өсе ме?

    Әрине, жоқ. Егер сексуалдылық осы принцип бойынша тарайтын болса, гомосексуалдар мүлдем болмас еді. Себебі, гейлерді барлығы дерлік гетеросексуалды отбасында туып өсті. Адамның сексуалдылығы ана жатырында жатқанда бірнеше факторлардың әсерімен қалыптасады. Сол себепті сексуалдылықты тәрбие арқылы өзгерту мүмкін емес.

  • Менің балам жынысын өзгерткісі келеді. Не істеуім керек?

    Бұндай балалардың ата-анасы біршама күрделі жағдайға тап болады. Бірінші кезекте, мамандармен хабарласуыңыз қажет. Біз AlmaTQ тобының кеңесшілерімен хабарласуға кеңес береміз. Бұл мамандар сіздің кез-келген сұрағыңызға жауап беруге тырысады.

  • Менің балама өз жынысының адамдары ұнайды. Бұл дұрыс па?

    Өзімен бірдей жынысты адамдарға деген романтикалық, эмоционалды және сексуалды құмарлық гомосексуалдылық деп аталады. Гомосексуалдылық, гетеросексуалдылық және бисексуалдылықпен қатар табиғи адам сексуалдылығының бір түрі болып табылады.

    Гомосексуалдардың өзге адамдардан еш айырмашылығы жоқ. Олар қоғамдағы өмірге өте жақсы бейімделген және отбасын құруға қабілетті.

    Гомосексуалдар ХХІ ғасырдың жаңалығы емес, олар адамзат тарихының барлық кезеңдерінде де өмір сүрген. Гомосексуалдылықтың тарихы өте тереңде жатыр, тіпті кейбір жануарлардың арасында да гомосексуалдылық кездеседі.

    Қазіргі уақытта адамдар арасындағы гомосексуалдардың пайыздық көрсеткіші 6-10% құрайды. Бұл көрсеткіш уақыт өте келе өспейді және азаймайды, барлық елдер мен құрлықтарда да бұл көрсеткіш біршама теңдей таралған.

    Өкінішке орай, гомосексуалдылықты қоғамдық норма ретінде қабылдау үшін оның тума қасиет екенін не жүре пайда болатынын анықтау керек. Бұл мәселедегі пікірталас әлі тоқтамағанымен, жануарлар әлемінен және нейробиологтар мен генетиктердің мәліметтеріне сүйенсек, гомосексуалдылықтың тума қасиет екендігі анық. Сол себепті де, гомосексуалдылық нормадан ауытқушылық бола алмайды.

  • Гейлердің кесірінен адамзат жойылады ма?

    Егер адамзат шынымен жойылатын болса, гейлердің кесірінен емес, басқа бір себеппен жойылады. Гейлердің жалпы саны өсіп келе жатқан жоқ. Егер де жер шарындағы бір мемлекетте өзін гей деп танитын азаматтар көбірек болса, бұл тек қана осы мемлекетте гейлер жариялы түрде өмір сүруге мүмкіндігі бар деген сөз.

    Гейлер мен демография арасындағы байланыс біршама күрделі. Бір шетінен гейлер қозғалысы бала туу және асырау құқығы үшін күреседі. Ал кейбір гейлер балалы болғылары келмейді. Бұл әр адамның жеке таңдауы. Маңыздысы, әркім бақытты болуы тиіс. Есіңізде сақтаңыз, гей болу балалы бола алмау деген сөз емес. Гомосексуалды отбасылары да бала туып, өсіре алады.

  • Гомосексуалдылық ауру ма?

    Гомосексуалдылық – ауру емес. Гомосексуалдардың өзге адамдардан еш айырмашылығы жоқ. Яғни, олар да қоғаммен бірге өмір сүруге керемет бейімделген және отбасын құрып, толыққанды өмір сүре алады. Дәл осы себеппен 1973-ші жылы Америкалық психиатрлар бірлестігі гомосексуалдылықты психикалық аурулар тізімінен алып тастады. Ал 1990-шы жылы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымы гомосексуалдылықты аурулар қатарынан сызып тастады. Осыдан кейін әлемнің көптеген елдерінде гомосексуалдылық ауру немесе қылмыстық әрекет ретінде қарастырылмайтын болды. Оның ішінде Қазақстан да 1998 жылы Қылмыс кодексіндегі келісім бойынша болған гомосексуалды қатынасты жазалайтын бапты алып тастады.

    Медицина тарихында гомосексуалдылықты емдеуге тырысқандар көп болды. Алайда, бұл тәсілдердің біреуі де нәтиже берген жоқ. Бұл туралы қосымша ақпаратты MedPortal.ru сайтынан таба аласыз.

     

  • Гей пропаганда қалай жұмыс істейді?

    Соңғы кездерде алдымен Ресейлік БАҚ-та, артынша Қазақстанда да гей пропаганда тіркесі жиі қолданыла бастады. Қазақстандықтардың ойында бірден “ол не” деген сұрақ туындады. Ендеше ол не?

    Бұл терминді қолданысқа енгізген журналисттер мен қоғам белсенділері гейлер көбірек адамды өз санатына тартып жатыр деп жариялады. Ал гей пропаганда сол тартудың құралы-мыс.

    Бұған айтарымыз, гомосексуалдылық жүре пайда болмайды. Генетиктер мен нейрофизиологтардың мәліметтеріне сүйенсек, гетеро, гомо немесе бисексуалды болу – туа біткен қасиет. Тәрбие немесе үгіттеу (яғни, пропаганда) арқылы адамды гейге айналдыру әсте мүмкін емес. Өздеріңіз ойлап көріңіздер, гейлер де әйел және еркектен туылып, сол отбасының тәрбиесін көрді, ер мен әйелдің махаббатын суреттейтін сансыз кітаптар оқып, кинолар көрді, бірақ бәрібір өз жынысына тарта берді. Дәл осылай, гетеросексуалды болып туылған адам жан-жағын гомосексуалды бейнелермен толтырып тастаса да, гей немесе бисексуалды бола алмайды.

    Сонымен қатар, қоғамның көпшілігі гейлерге негативті көзқараспен қарайды. Ендеше, пропаганда гей болуды позитивті модель ретінде көрсете алады деу шындыққа сай келмейді. Қоғам тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырап, кейде тіпті қаза болудың сәнді болып кетуі екіталай емес пе? Ал өміріңді тығылумен, өтірік айтумен өткізу немесе ата-анаң мен туыстарыңнан алшақтауды қалайша сәнге айналдыруға болады?

    “Гомопропаганда” дегеніміз адамдарды гей немесе лесбиан болуға шақыру емес, барлық адамдарға бірдей қарап, олардың құқықтарын сақтауға шақыру. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, егер сүйіскен екі еркекті немесе әйелді көрсеңіз, гей болып кетер ме едіңіз?

  • Гейлер жыныстарын өзгерткісі келе ме?

    Көп адамдар гомосексуалдылық пен трансгендерлікті шатастырады. Көпшіліктің ойынша, трансгендер деген жынысын ауыстыруға ақшасы жеткен гей. Бұл қате түсінік.

    Бұл мәселені түсіну үшін алдымен бірқатар ұғымдармен танысып алу қажет. Адамның биологиялық жынысынан тыс (sex), психологиялық жынысы (gender) бар. Адамдардың басым көпшілігінде биологиялық жыныс пен психологиялық жыныс сәйкес келеді. Нәтижесінде, адамдар өз тұлғасында екі-ұдайлық сезінбейді. Алайда, гендері мен биологиялық жынысы сәйкес келмейтін адамдар да бар. Бұл жағдайды суреттеу үшін “трансгендер” термині пайдаланылады.

    Айта кетер бір жайт, адамның гендерлік тұлғасы мен оның сексуалдылығы арасында тікелей байланыс жоқ. Яғни, трансгендерлер дәл басқалар секілді түрлі сексуалдылық иесі болуы мүмкін. Демек, трансгендер тұлға гетеросексуалды, гомосексуалды немесе бисексуалды болуы мүмкін. Мысалы, трансгендерлік тәжірибесі бар әйел Лана Вачовски гомосексуалды, яғни әйелдерді жақсы көреді.

  • Гейлердің барлығы педофил ма?

    Педофилия деген құбылыс бар болғанымен, оның гомосексуалдылыққа еш қатысы жоқ.

    Алдымен гомосексуалдылық пен педофилия арасындағы айырмашылыққа тоқталып кету керек. Гомосексуалды қарым қатынас бұл келіскен екі ересек, өз әрекеттерін толық түсінетін және ол үшін жауап беретін азаматтың арасындағы қарым-қатынас. Ал педофилдердің жағдайы бөлек, себебі, олардың сексуалдық нысандары өз еркінен тыс зорлыққа ұшырайды. Балалар ересек адам секілді өз әрекетіне жауап бере алмайды және сексуалдық қатынасқа келісім бере алмайды. Дәл осы себептерге байланысты гомосексуалдылық пен педофилияны бір қатарға қоюға болмайды.

    Сонымен қатар, статистикаға сүйенсек, педофилдерден жәбір көрушілердің басым көпшілігі (70-85%) кішкентай қыздар. Осыған байланысты енді гетеросексуалды еркек болуға тыйым салу керек па? Жоқ. Еркектерге емес, зорлық-зомбылыққа тыйым салу керек.

  • Алдымен гейлерге тең құқық берсек, артынша педофилдар мен зоофилдарға да құқық беретін шығармыз?

    Алдымен гомосексуалдылық пен педофилия, зоофилияның арасындағы айырмашылыққа тоқталып кету керек. Гомосексуалды қарым қатынас бұл келіскен екі ересек, өз әрекеттерін толық түсінетін және ол үшін жауап беретін азаматтың арасындағы қарым-қатынас. Ал педофилдер мен зоофилдердің жағдайы бөлек, себебі, олардың сексуалдық нысандары өз еркінен тыс зорлыққа ұшырайды. Балалар да, жануарлар да ересек адам секілді өз әрекетіне жауап бере алмайды және сексуалдық қатынасқа келісім бере алмайды. Дәл осы себептерге байланысты гомосексуалдылық пен педофилияны бір қатарға қоюға болмайды.

    Осылайша, гомосексуалдарға сүюге, некеге тұрып, отбасын құруға тыйым салуға ешқандай объективті себеп жоқ. Алайда, педофилия, зоофилия және зорлық-зомбылықтың өзге түрлері заңмен шектеліп, жазалануы тиіс.

    Гомосексуалдардың құқықтарының теңгерілуі педофилия мен зоофилияның заңдастырылуына алып келмейді.

  • Гейлер өз құмарлықтарын неге жария етеді? (Тыныш жүрмей ме)

    Гейлер мен лесбилер туыстарынан, достарынан, жұмыстастарынан, тіпті кейде бөтен адамдардан тығылмай, өзге жұртпен тең дәрежеде қарапайым өмір сүргісі келеді. Тең құқықты талап ету – қарапайым өмір сүруге деген талпыныс. Қазақстандық қоғам өте консервативті және гейлерге айыптаушылықпен қарайды, алайда гей болып туылғаны үшін азаматтар кінәлі емес. Дәл сол секілді ғасырлар бойы құқықтары тапталып келген еврейлер, қара нәсілділер, әйелдер де солай туылғандарына кінәлі емес қой. Әйел құқықтары үшін қозғалыс алғашында дәл осындай кедергіге тап болды. Әйел өз орнын білуі керек еді. Алайда, әйелдер бұл бөгеттерден асып, өз құқықтары жөнінде ашық түрде айтып, түрлі шерулерге шыққан. Ол болмаса, әйелдердің осы күнге дейін білім алуға, жұмыс істеуге сайлауда дауыс беруге құқығы болмас еді. Барлық әлемдегі гомосексуалдар да осы жолмен келе жатыр, яғни, қарапайым теңдік үшін күресуде.