close

You are here

21 September 20176293

Руың кiм?

Жаһанда адам ақылына қонымды заттар жетерлік. Мысалы, аспан неге көк немесе су неге ағады деген секілді. Бірақ, менің миыма сол күйі кірмей қойған бір мәселе: ЛГБТ бөлінбейтін жерде неге үнемі бөлініп жүреді?

Бірде Қызылордада жұмыс сапарымен болдым. Еліміздің ескі астанасында өткізген бір аптада ішім пыспасын деп, өзіме серік іздедім. Басы жақсы басталып еді. Өздеріңіз ойлап көріңіздер, келбеті келіскен Алматылық жұмбақ жігіт жылы лебіз іздесе, оған кім кедергі болмақ? Оның үстіне қалтамда ақшам да баршылық еді. «Бір апталық ғашығымды» «Регистан» немесе «Золотой Драконға» алып барсам да шамам жетер еді.

Әуелде барлығы дәл солай болды. Алдымен желіде танысып, біраз сұхбаттастық, бір-бірімізді ұнатып, кездесуге келістік. Кездесуіміз де мінсіз өтті. Менің қиялым REMA мейрамханасындағы бөлмемде ғашық жігітпен таңға дейін ішерімізді ішіп, қыдырарымызды қыдырып, қызыққа бататынымды ойлап шарықтап кетіп те үлгерген. Сол сәтте ол менің қолымнан ұяңданып ұстады да, көзіме тура қарап, «Айтпақшы, сенің руың кім?» деп сұрады. Бұл сұрақ маған тосыннан тиді. Әдетте ру-тайпа жайындағы әңгімелерді ұзартпауға тырысушы едім, сол жолы әйтеуір руымды айта салдым. Одан кейінгі оқиға қас пен көздің арасында өзгеріп сала берді. Менің асылым, ғашығым, бір апталық өмір серігім болып үлгеріп қойған жігіт аяқ астында бір шаруалары пайда болып, кетіп қалды. Заманында, не болып қалғандығын өзім де түсінбедім. Кейін бір таныстарым оңтүстік өңірде менің руымның адамдарын жақтыра бермейтіндігін түсіндіріп берді. Олардың әңгімесіне қарағанда біздің арғы атамыз ба, жоқ оның арғы атасы ма я бір-бірінен мал ұрлаған, я өріске таласқан-мыс.

Мені бұл жайт біршама таңқалдырды. Қазақтар кезіккенде ру сұрасатынын одан бұрын да білемін ғой. Бірақ, мен бұны тек ескі дәстүрге деген құрмет белгісі ғана деп ойлағанмын. Шындығында, көп адамның жүрегін жүз жылдық дау-дамай әлі де мазалап жүр екен.

Содан мынадай екі тұжырымға келдім: біріншіден, руға бөлініс секілді архаиканың ізі адамға бизнес жүргізуге, қарым-қатынас орнатуға, айналып келгенде, тіпті, өмір сүруге кедергі келтіреді екен. Екіншіден, ЛГБТ-ның өз арасында руға бөлінуі тіпті де ақылға сыймайтын нәрсе ғой. Біздің санымыз онсыз да аз, ал қоғам болса бізді жек көреді, жек көрмегені де біздің жарылқағалы тұрған жоқ. Жағдай осындай бола тұра, өз арасында жүзге, руға бөлінетіндер бар екен.

Бұл тек қазақтарға байланысты мәселе емес. Гей кәрістердің кәрістерге, ұйғырлар ұйғырларға, орыстар орыстарға жақын жүретінін үнемі байқаймыз. Бұл қынжылтарлық жайт. Бөлінгенді бөрі жейді деуші еді.

Бір шетінен, егер жүзге бөліну біздің қанымызға сіңген нәрсе болса, ендеше ЛГБТ төртінші жүз болсын. Өзіңіз ойлап көріңізші, гей азаматтар ру, ұлтқа да, басқаға да қарамай түрлі отбасыларда дүниеге келеді. Олардың барлығының басын қосатын үлкен бір ру – ол ЛГБТ. Бұл рудың саны, әлем бойынша санар болсақ, тіпті, Қазақстанның халық санын бірнеше орап кетеді. ЛГБТ тек Қазақстанда туылмайды ғой. Біздің ру қазақ қазақ болғанға дейін де бар-ды. Біздің рудың тарихы терең, ал ру адамдары бір отбасы секілді бір-бірін қолдап, жебеп жүреді. Тіпті өзге мемлекетке барғанда да мен жергілікті ЛГБТ қауымдастығын тауып алуға тырысамын. Себебі, дәл осы қауым мені қуана қарсы алатынына сенімдімін.

Іргелі рудың мүшесі болғанға не жетсін. Сондықтан келесі жолы бір кездесуде менен біреу руың кім еді деп сұрай қалса, мен «Мен ЛГБТ-жүзі, гей руынанмын» деп жауап қайтарамын деп шештім.

Аудармашы: Заман үні

Кепки, Бахыт Бубиканова
Кепки, Бахыт Бубиканова

Пікірлер

Log in or register to post comments

Или войти через: