FAQ для ЛГБТ
-
Өкінішке орай, қазіргі уақытта гомосексуалдылық жайында объективті түрде жазылған қазақ тіліндегі материалдар, әсіресе кітаптар жоқ. Сол себепті келесі орыс тілінде жазылған кітаптарды оқуға кеңес береміз.
Любовь небесного цвета
Бір жынысты сүйіспеншілік тақырыбына арналған әйгілі әлеуметтанущы және философ И.С. Конның еңбегі. Автор биология, психология, тарих, көркем әдебиет арқылы “біз” және “олар” деген бөлініске қарсы шыға отырып, қазіргі замандағы стандартты деп саналмайтын сексуалдылығы бар адамдар туралы жазады.
Кітапты сілтеме бойынша оқыңыз.
Лунный свет на заре. Лики и маски однополой любви
Әйгілі әлеуметтанушы және психолог И.С. Конның `Лунный свет на заре. Лики и маски однополой любви` атты кітабы осы уақытқа дейін тыйым салынған бір жынысты секс тақырыбын талқылайды. Көптеген жылдар бойы Ресейде гомосексуализм заңға қарсы қылмыс болып саналды. Перестройкадан кейін оқырманға әр тараптан түрлі ақпарат ағыла бастады. Бұл ақпарат дау туғызатын, кейде тіпті порнографиялық кейіпте болды. Бұның барлығының үстіне тағы да қатаң совет заманының салдары болған жалпы сексуалдық сауатсыздықты қосатын болсақ, бұл кітаптың қажеттілігі даусыз. Сексология саласында аты шыққан И. С. Конның бұл жұмысы – аталған күрделі тақырыпты қозғаған алғашқы жұмыстардың бірі. Кітапта көптеген аты әйгілі және талантты тұлғалардың өмірлеріне қатысты тарихи фактілер жоғары дәрежеде сарапталған және қазіргі замандағы бір жынысты секс мәселесін еш бүкпесіз, ашық талқылаған.
Кітапты келесі сілтеме бойынша оқыңыз.
Блог цвета радуги
Гейдің еркіндік, теңдік, махаббат және шығармашылық жайлы жазбалары.
50 оттенков голубого.
Ирониялы және белгілі дәрежеде толерантты мақала гомосексуалдылықтың шығу тегін көбею стратегиялары тұрғысынан түсіндіруге тырысады.
Егер оқуға ерінсеңіз табиғаттағы гомосексуалдылық туралы келесі орыс тілді видеоны көрсеңіз болады: Женя Тимонова "Все как у зверей"
-
Бисексуалдылық табиғи сексуалдылықтың бір түрі болып табылады. Бисексуалдылықтың не екендігін түсіну үшін адам сексуалдылығын кесінді ретінде елестету керек. Кесіндінің бір ұшында таза гомосексуалдылық болса, келесі ұшында таза гетеросексуалдық бар. Ал осы екі нүктенің ортасында не бар? Бірінші немесе екінші нүктеге қарай ауытқып тұратын сексуалдылықтардың қатарын табуға болады. Егер еркектерге де, әйелдерге бағытталған құмарлық жиі қайталанса, бұны бисексуалдылық деп түсіну қажет.
Қосымша ақпарат (орысша):
Любовь небесного цвета – И.С. Кон кітабында
-
Ресейде гей жасөспірімдерге арналған «Дети 404» бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл бағдарламаның жетекшісі Елена Климова дүниенің әр тарабынан “ата-анама айтайын ба, жоқ па?” деген сұрақты жиі кездестіреді. Біздің редакция Еленаның ойымен келіседі ата-анаңызға заңды және қаржылай тәуелді бола тұра ашылудың қажеті жоқ. Яғни, егер ата анаңыз сізді өз қалтасынан асырайтын болса, онда өз сексуалдылығыңызды жасыра тұрғаныңыз жөн.
-
Егер ата-ана мәселесінде біз кесіп үкім айта алсақ, достар жағдайында біршама еркіндік бар. Біз өз тәжірибемізге және көптеген достарымыздың тәжірибесіне сүйеніп кеңес береміз.
- Достарға өз сексуалдылығыңды жария ету өте маңызды, себебі, достармен біз ата-анамызға қарағанда көп уақыт өткіземіз. Сол себепті, екі жүзді өмір сүру қиын соғуы мүмкін. Жария болу өміріңізді біршама ыңғайлы ете алады.
- Тәжірибеге сүйенсек, қыз достарына ашылу, әсіресе гейлерге оңайырақ келеді. Сондықтан, қыз досыңыз бар болса, соған ашылып көріңіз. Ал егер қабылдамаса, ондай достың керегі де жоқ емес пе?
- Жария етер алдында досыңызды аздап сынап алсаңыз болады. Мысалы, онымен әңгіме барысында қандай да бір актер немесе әншінің гомосексуалдылығын сөз етіңіз. Егер ол барлығын негативті қабылдаса, демек ол оншалықты толерантты адам емес. Ендеше, оған ашылудың да керегі жоқ.
- Бір адам білсе, артынша он адам білуі мүмкін екендігін есіңізде сақтаңыз. Каминг аут жасағаннан кейін бұның елге жайылып кетуі мүмкін екендігіне дайын болыңыз. Досыңызға айтар алдында бұл ол үшін бір рет айтатын қызық өсек болғанымен, сіз үшін бүкіл өміріңіздің мәселесі екендігін есіне салыңыз. Натурал достарыңыз гейлердің қаншалықты қиын күн кешетінін білмеуі де мүмкін. Олар “қалыпты” әлемде өмір сүріп, сіз көрген қиындықтарды көрмейді ғой.
Қорытынды – тек шындықты қабылдай алатын адамдармен ғана дос болуға тырысу керек. Қорықпаңыздар! Тәжірибеге сүйенсек, достарымыз бізден көп жағдайда теріс айналып кетпейді.
-
Гомосексуалдылық пен дінді қатар алып жүру өте күрделі мәселе. Дегенмен, бұл мәселенің байыбына барып көрейік.
Христиан діні. Інжілді (Библия) дәстүрлі түрде түсінер болсақ, гомосексуалдылық күнә деп танылады. Алайда, мәтіндерді мұқият зерттейтін болсақ, бұл күнә деп мойындалатын жерлердің біреуін де жалғыз бір интерпретация негізінде сараптауға болмайтындығын байқаймыз. Мысалы, аргументтердің басым көпшілігі Содом мен Гоморра қалалары жайлы хикаяның негізінде құралған. Інжілдік мәтіннің өзіне сүйенетін болсақ, бұл қалалар еркектің еркекпен жатуының салдарынан емес, өзге күнәлардың әсерінен қиратылған. Інжіл Құдай қаһарын келесі күнәлар шақырды дейді: тәкаппарлық, кедейлерге немқұрайлықпен қарау және қонаққа құрмет көрсетпеу. Ерекше сұрақ туындататын бір жайт, дәл сол оқиғада екі шаһар қирағаннан кейін Лұт тұқымы тоқтамауы үшін өзінің екі қызымен жыныстық қатынасқа түседі. Сонда Құдай гомосексуалдылыққа қарсы болып, инцестке көз жұма қарағаны ма?
Інжілдің Леуіліктер кітабындағы мына сөздер жиі келтіріледі: “Егер ер адам басқа еркекпен әйел іспетті жақындасса, бұлардың жасағандары — жексұрындық.” Бірақ дәл осы кітапта шошқа етін немесе асшаянды жесе, ол да “жексұрындық” деп аталған. Бұл кітап бойынша әйелдердің шалбар киюі және еркектердің ұзын шаш қоюы да жексұрындық. Мастық та Құдай алдында жексұрындық дейді. Алайда, қоғамда мас болғаны үшін біреуді өлтіру керек деп жатқанды онша ести бермейміз. Ендеше неге бір жыныстағы екі адамның арасындағы сүйіспеншілік қылмыс болуы тиіс?
Европа мен АҚШ-тағы көптеген шіркеулер Інжілге заманауи интерпретация жасайды, олардың кейбірі тіпті екі әйелдің, не екі еркектің діни қағида бойынша некелерін қиып беруге дайын. Байқасаңыздар, христиан дінінің гейлерге деген қарым қатынасы біркелкі емес. Сіздің жаныңыз бен Киелі Кітаптың арасында қандай да бір түсінбеушіліктер болса, Ғаламторда бұл мәселені ұтымды талқылайтын материал жеткілікті.
Ислам. Мұсылман мәтіндерінің де дәстүрлі интерпретациясы гомосексуалдылықты үлкен күнә деп таниды және гейлерді өлтіру керек дейді. Негізінде, Құранда гейлер жайлы тек бес жерде айтылады лесбиандар туралы Құран ештеңе айтпайды. Үш жағдайда әйел қылықты еркектер жайында, тағы екі жағдайда гейлер жайында айтады:
"Лұт сол уақытта еліне: "Жер-жаһанда сендерге дейін ешкімнің істемеген арсыздықты істейсіңдер ме?" – деді. "Сендер әйелдерді қойып, еркектерге қызығып келесіңдер ме? Әрине, сендер шектен шыққан елсіңдер". (Құран 7:80-81)
"Дүниеде (қатындар тұрып,) еркектерге қосыласыңдар ма?". (Құран 26:165)
Бұл аяттарда айыптау сарыны бар, алайда гейлерді өлтіру керек делінбейді. Бұл қағида хадисте, яғни Мұхаммедтің айтқан өсиеттерінде пайда болады. Мысалы: “Еркек еркекпен жақындасса, Алланың тағы шайқалады” және “Егер сендер Лұт халқының күнәсін жасаушыларды көрсеңдер, олардың белсендісін де, енжарын да өлтіріңдер”. Хадистерде ең азы бір рет лесбиандық қатынастар жайында да айтылады: “Егер әйел мен әйел sihaq (лесбиандық қатынас) жасаса, ол – зина”.
Гей бола тұра мұсылман болу ерекше ауыр, себебі, сіздің айналаңыз ұдайы сізге дұшпандықпен қарайтын болады. Алайда, қазіргі заманда ислам мен гомосексуалдылықтың арасын жақындатуға тырысып жүрген ұйымдар да бар. 90-шы жылдарда жиырма екі жасар гей мұсылман Файсал Алам “Әл Фатиха” атты ұйымның негізін қалады. (Сұхбат). Осы күнде бұл Аллаға иман келтірген гей, лесбиан, бисексуал және трансгендерлерге арналған халықаралық ұйым. Олардың мақсаты – исламның прогресшіл тармақтарымен бірге жұмыс істеу. Олар Исламды дұшпандықтың емес, бейбітшілік пен бітімгершіліктің діні ретінде көрсеткілері келеді және Алланың өз құлдарын олардың сексуалдылығына қарамастан сүйетініне сенеді.
Буддизм. Буддизм – әлемдегі ең либералды діндердің бірі. Бұл дінде тыйым жоқ, тек кеңестер беріледі. Әлбетте, Будда дінінің кейбір мәтіндерінде бір жынысты жыныстық қатынастарды айыптайтын тармақтар бар. Алайда, қазіргі Далай-Лама 2014 жылы “егер келісіммен болса, кез келген жыныстық қатынас жақсы” деген болатын. Далай-лама бірнеше рет гейлерге қарсы дискриминацияны айыптай сөйлеп, кез-келген адамның оның сексуалдылығына қарамастан, құқықтары сақталуы керек деді.
-
Егер сіз «Близкие друзья» (Queer as folk) сериалын көрген болсаңыз, сізге кең таралған модель таныс болуы керек: гейлер әдетте өзге гейлермен достасады. Бұл заңды, себебі біздің арамызда ортақ сыр да, мәселе де жеткілікті, сондықтан қарым-қатынас психологиялық тұрғыдан жеңіл орнайды да, кез-келген тақырып жеңіл талқыланады. Алайда, жақында ғана өзіңіздің гомосексуал екендігіңізді таныған болсаңыз, дос таба қою оңай ма? Оларды қайдан іздейсіз?
Жеке тәжірибемізден сөйлер болсақ, гей/лесбилер бірін-бірі іздейтін сайттар мен қосымшалар баршылық. Алайда, күнделікті өмірде бұл сайттарда тек дос іздеп жүргеніңізді нақты көрсеткен болсаңыз да, әңгімеде міндетті түрде сексуалдық сарындар ойнап тұрады. Өкінішке орай, танысу сайттары өз дизайны мен қызметіне қарай дос табуға аса оңтайлы құрал емес.
Егер сіз шындап дос тапқыңыз келсе, онда қарым-қатынас орнын өзгерту керек. Сала бойынша жұмыс істейтін қорлар ұйымдастыратын жиналыстарға келсеңіз болады. Бұл секілді жиындар гей болу тек сексуалдық белсенділікпен шектелмейтіндігін түсінетін адамдардың басын қосады. Тағы да бір тәсіл әлеуметтік желілерде жазысу. ВКонтакте немесе Фейсбук желілерінде гейлер мен лесбилер өз өмірлеріндегі қуанышты немесе қайғылы оқиғаларымен бөлісіп жататын топтар бар. Осы посттардың астындағы комментарийлерде жазысып бастасаңыз, достыққа апаратын алғашқы қадам жасағаныңыз. Бастысы, тығылмаңыз. Сіз әлемдегі жалғыз гей емессіз. Біз көппіз және барлығымызға да адамдық қарым-қатынастар керек. Ендеше, араласайық!
-
Негізгі үш қағиданы ұдайы жадыңызда сақтаңыз: секс келісім арқылы болуы тиіс, секс қауіпсіз және таза болуы тиіс.
Практикалық кеңестерге көшпес бұрын, жыныстық қатынас туралы жалпылама бірер сөз айтып кетуіміз қажет. Өкінішке орай, Қазақстандық қоғамда жыныстық қатынас ашық талқыланбайды. Нәтижесінде, секстің айналасында көптеген қорқыныштар мен мифтер туындай бастайды. Біздің редакция сексте ешқандай ағаттық жоқ екендігіне сенімді. Егер сізге секс ұнаса керемет, ұнамаса, ол да жаман емес. Егер сізге секстің барлық түрі ұнап, тек аналды сексті қаламасаңыз, онда тұрған ештеңе жоқ. Сіз сексте тек сүйісу, жанасу және құшақтасуды ғана қалап, тек содан ләззат алсаңыз, ол да дұрыс. Өмірдің кез келген саласы секілді, сексте де қатып қалған стандарттар жоқ. Мінсіз секс тек порнофильмдерде ғана болады, оның өзінде актерлар ондаған дубльдардың нәтижесінде ғана сол мінсіздікке қол жеткізеді. Мінсіз секс – мақсат емес. Ең бастысы сіз бен сіздің сүйгеніңіз жыныстық қатынастан ләззат ала білуі керек.
Активтер мен пассивтер. Гейлерді көбіне дәл осылай бөледі, арасында универсалдарды да еске алып қояды. Бұлай жара бөлу өте де дұрыс нәрсе емес. “Таза активтер” мен “таза пассивтер” тек сіздің өз басыңызда қалыптасқан психологиялық иллюзия ғана. Гомосексуалдылық норма деп қабылданған мемлекеттерде “таза” активтер мен пассивтерді өте сирек кездестіресіз. Оның үстіне, өкінішке орай, көптеген пост-советтік елдерде советтік түрмелер мен концентрациялық лагерьлерден келген “по понятиям” өмір сүру қағидасы қалыптасып қалған. Бұл қағидалар бойынша түрмеде зорланған еркек өзінің адамдық құқықтарынан айрылып, айналасында күлкіге айналады, оны адам деп көру былай тұрсын, тіпті ол ұстаған заттарға қол тигізуден жерінген. Бұл түсініктердің қоғам өміріне өтіп кетуі өте өкінішті жағдай. Осының салдарынан, көптеген пассивті гейлерді құрметтемеу, оларды келемеж ету кең таралып кеткен. Тіпті екі жақты сүйіспеншіліктің негізінде құрылған қарым-қатынастарда да активтер өздерін пассивтерден жоғары ұстап, басым болғылары келеді. Бұл жағдайда келесіні естен шығармаған абзал: сіз ұзақ бірге болсаңыз да, немесе тек бір түнге ғана жақындассаңыздар да, бір-біріңізге құрметпен қарау кез келген қарым-қатынастың негізі болуы тиіс.
Қауіпсіздік. Секстің жағымсыз салдарынан максималды түрде қорғану үшін, біздің редакция келесі қағидаларды ұстануға кеңес береді:
- Секс таза болуы керек. Кей жағдайларда, әсіресе егер аналды секспен айналысу жоспарыңызда болса, жай ғана душта шайыну жеткіліксіз болуы мүмкін. Аналды секстің алдында тазартатын клизма жасаған абзал. Бұл үшін дәретхана мен жуынатын бөлменің бірге болғаны ерекше ыңғайлы.
- Секс қауіпсіз болуы керек. Бұл ретте, әлбетте, презервативтерді қолдану сөз болады. Кей адамдар “презервативсіз көбірек ләззат аласың” деп сылтауратып, презерватив киюден бас тартуы мүмкін. Алайда, АИТВ (ВИЧ) немесе тіпті ЖИТС (СПИД) секілді аурулардың қаупі кез келген сылтауды ұмытуды талап етеді. Идеалды жағдайда презерватив оральды секс кезінде де қолданылуы тиіс, себебі кейбір аурулар осы жолмен де тарауы мүмкін. Секс кезінде ауырсынуды барынша азайту үшін судың негізінде жасалған лубриканттарды (майларды) қолданған жөн. Презервативті тіпті ұзақ уақыт бойы моногамды қатынастарда болғандар да қолданғаны абзал. Себебі, тік ішек көптеген бактериялар мен микроағзалардың жинақталатын жері, бұл өз кезегінде активті серігіңіздің ауру жұқтырып алуына алып келуі мүмкін. Тегін презервативтер мен лубриканттарды гей клубтардан, ЖИТС орталықтарынан табуға болады. Тегін презервативтерді алудан қысылмаңыздар. Олар сіздер үшін сатып алынған.
- Секстен кейін келесі қауіпсіздік шараларын қолға алуды ұсынамыз. Екеуіңізге де Хлоргекседин ерітіндісімен ауыз қуысын шаю керек. Себебі, оральді секстен кейін ауыз қуысында зиянды бактериялар қалып коюы мүмкін. Аналды секстен кейін қабылдаған адам өз анусына Мирамистин секілді антисептик енгізгені абзал.
Аналды секске қалай дайындалуын келесі сайтта оқып білуге болады
-
Өзімен бірдей жынысты адамдарға деген романтикалық, эмоционалды және сексуалды құмарлық гомосексуалдылық деп аталады. Гомосексуалдылық, гетеросексуалдылық және бисексуалдылықпен қатар табиғи адам сексуалдылығының бір түрі болып табылады.
Гомосексуалдардың өзге адамдардан еш айырмашылығы жоқ. Олар қоғамдағы өмірге өте жақсы бейімделген және отбасын құруға қабілетті.
Гомосексуалдар ХХІ ғасырдың жаңалығы емес, олар адамзат тарихының барлық кезеңдерінде де өмір сүрген, гомосексуалдардың тарихымыздың көне уақытынан жалғасып келе жатқанына дәлелі бар. Гомосексуалдылықтың тарихы өте тереңде жатыр, тіпті кейбір жануарлардың арасында да гомосексуалдылық кездеседі.
Қазіргі уақытта адамдар арасындағы гомосексуалдардың пайыздық көрсеткіші 6-10% құрайды. Бұл көрсеткіш уақыт өте келе өспейді және азаймайды, барлық елдер мен құрлықтарда да бұл көрсеткіш біршама теңдей таралған.
Өкінішке орай, гомосексуалдылықты қоғамдық норма ретінде қабылдау үшін оның тума қасиет екенін, не жүре пайда болатынын анықтау керек. Бұл мәселедегі пікірталас әлі тоқтамағанымен, жануарлар әлеміне және нейробиологтар мен генетиктердің мәліметтеріне сүйенсек, гомосексуалдылықтың тума қасиет екендігі анық. Сол себепті де, гомосексуалдылық нормадан ауытқушылық бола алмайды.
-
Бұл сұрақтың жауабын беру үшін алдымен бірқатар ұғымдармен танысып алу қажет. Адамның биологиялық жынысынан тыс (sex), психологиялық жынысы (gender) бар. Адамдардың басым көпшілігінде биологиялық жыныс пен психологиялық жыныс сәйкес келеді. Нәтижесінде, адамдар өз тұлғасында екі-ұдайлық сезінбейді. Алайда, гендері мен биологиялық жынысы сәйкес келмейтін адамдар да бар. Бұл жағдайды суреттеу үшін “трансгендер” термині пайдаланылады.
Айта кетер бір жайт, адамның гендерлік тұлғасы мен оның сексуалдылығы арасында тікелей байланыс жоқ. Яғни, трансгендерлер дәл басқалар секілді түрлі сексуалдылық иесі болуы мүмкін. Демек, трансгендер тұлға гетеросексуалды, гомосексуалды немесе бисексуалды болуы мүмкін. Мысалы, трансгендерлі әйел Лана Вачовски гомосексуалды, яғни әйелдерді жақсы көреді.
Толығырақ ақпаратты келесі сілтеме арқылы таба аласыз - www.alma-tq.org