Закрыть

Вы здесь

10 апреля 20176689

Тыныштық бізді қорғамайды

ЛГБТ құқықтары үшін күрес кезінде активисттер мен жанашырлар түрлі қарсылықтарға ұшырайды. Сол қарсылықтардың ішіндегі біздің жанымызға ең ауыр тиетіні – ЛГБТ қауымдастығынан шыққан пессимисттер мен фаталисттердің қарсылығы. “Біз тыныш күнімізді көріп жүргенде, неге қоғамды бізге қарсы қоясыңдар?” немесе “Сендердің бұларыңнан түк шықпайды. Осы күнімізге зар болып қалмайық” деп айтатын азаматтар жиі кездесіп жатады.

Тыныштық кез келген белсенділіктен әлдеқайда қауіптірек. Тыныштық сізді қорғамайды, сізді қолдамайды. Тыныштықтың осыншама қауіпті болуына екі себеп бар. Сол екі себепке жеке-жеке тоқталып кетейік.

ЛГБТ қауымдастығына қарсы дискриминацияның көптеген түрлері бар. Сізді гей немесе бисексуал болғаныңыз үшін жұмыстан шығарса, бұл дискриминация. Лесбиан немесе трансгендер болғаныңыз үшін ұрып соқса, сексуалдық зорлыққа ұшыратса, ол да дискриминация. Алайда, дискриминацияның біз көрмейтін, естімейтін түрлері де бар.

Қоғамдық қысымның нәтижесінде ЛГБТ қауымдастығының басым көпшілігіне жасырынуға тура келеді. Бұл азаматтар өз болмысына өзі қарсы шығып, өз жанын өзі жаралайды. Ұдайы іштей конфилктімен өмір сүру, ұдайы қорқынышта өмір сүру, өзің жайлы өтірік айту, ол өтірігің ашылып қалмасын деп уайымдау бұның барлығы іштей дискриминацияның (internalized discrimination, internalized homophobia) әсерінен туындайды. Іштей дискриминация тыныштықта тек күшейе береді. Адам бақытсыз өмір кешеді немесе өзіне-өзі қол жұмсайды.

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымының 2015 жылғы мәліметтеріне сүйенсек, егер әлем бойынша бір миллион адам өзіне қол жұмсаса, оның 8 мыңы Қазақстан азаматы, немесе әлемде әр 40 секунд сайын бір суицид орын алса, Қазақстанда әр сағат сайын бір азамат өзін-өзі өлтіреді. Осының нәтижесінде, Қазақстан жасөспірімдер арасындағы суицид бойынша алдыңғы үштікте келе жатыр.

Дәл сол жылы, яғни 2015-те Қазақстанда әр сағат сайын бір адам өзіне-өзі қол жұмсап жатқанда, АҚШ Жоғары соты ЛГБТ қауымдастығы үшін некені заңдастырды. Джон Хопкинс университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің (John Hopkins University Bloomberg School of Public Health) зерттеушісі Джулия Райфманның (Julia Raifman) жүргізген жұмысына сүйенсек, сол уақыттан бері екі жылдың ішінде жалпы Америка жасөспірімдерінің арасында суицид көрсеткіштері 8% ал ЛГБТ жасөспірімдердің арасында 25%-ға төмендеген.

Сіз қалаған тыныштық өмір мен өлімнің арасын ажыратып тұр. Жабық есіктердің арғы жағында, тыныштықты жамылып қанша өмір қиылып жатыр? Сіз қалаған тыныштық жақсы өмірдің нышаны емес, ол улы тыныштық. Жыл сайын, күн сайын бұл тыныштық адамның жігерін жұқартып, жанын жаралап, өлім аузына итермелей береді.

Екінші себеп, сіз өз құқығыңыз үшін күреспесеңіз, ол құқықты сізден тартып алуға дайын күштер де мызғымайды. Қазір сіз тығылып, тыныш өмір сүруге мүмкіндігіңіз бар болса, ертең гомофобияны жалау еткен адамдар сізді үйіңізден алып кетіп, жүздеп, мыңдап жинап алып, қойдай қырады. Бұның мысалын көру үшін алысқа қарап қажеті жоқ. Көрші мемлекетте сәуір айының басында дәл осындай оқиға орын алды. Өзіңіз көріп отырғандай, тыныштық пен қорқыныш сізді әлсірете береді де, сіздің жауларыңызға күш бітіреді.

Егер сіздің өміріңіз тыныш, ыңғайлы болса, сізді құл деп емес адам деп таныса, ол үшін де талай адам күрескен. Алайда, теңдік пен бостандықты бізге ешкім сыйға тартпайды. Ол үшін күресу керек, дауыс шығару керек.

Қорыта сөйлесек, фаталисттер мен пессимисттерге үндеуіміз осы. Бас көтермей, бұғып, тығылып өмір сүрген әр күн жаңа өлім алып келеді. ЛГБТ құқықтары үшін қозғалыс еріккеннен туындамайды, жаппай өлімге тойтарыс беру үшін туындайды. Сол себепті, егер біреу дауыс көтеріп, еркіндік үшін, теңдік үшін күресіп жатса, оның аузын жаппаңыз. Себебі, біз не еркіндікке қол жеткізіп, ел қатарлы өмір сүреміз, не бақытсыз күн кешіп, түнекте өлім құшамыз.

Комментарии