Закрыть

Вы здесь

09 августа 20173120

Өлім үшін!

Кез келген мәдениетті әр түрлі тұстан қарастыруға болады. Мысалы, мәдениеттің ажырамас бөліктерінің бірі - өлім. Тіпті, мәдениеттің өзі алғашында жерлеу рәсімдерінің негізінде пайда болған деген болжамдар бар. Адам баласы жақынын жерлей бастаған сәттен бастап, адам санасы дамудың биіктеріне көтеріліп, рухани және материалдық құндылықтардың жиынтығы ретінде мәдениет пайда болды деп айтсақ та болады.

Жақында біз бірімізге таныс, бірімізге дос, ал бірімізге сүйікті жар болған жанды ақтық сапарға шығарып салдық. Шығарып салып жатып біз достық жайлы көп айттық, ал махаббат туралы тіпті де әңгіме болмады. Біз толықтай ашық-жарқын бола алмадық. Неліктен?

Себебі, жерлеу рәсімін бөтен адамдар билеп төстеді. Олардың арасында дін адамдары, көршілер, алыс жақын туысқан, мектеп кезінен қалған сыныптастар секілді өзінің мәдени күш-қауқары мен билігін толық түсінген адамдар болды. Ал біз болсақ, сол билікке бағына бердік. Орында деген рәсімдерді керек болсын, болмасын, тіпті біздің өмірлік қағидаларымыз бен құндылықтарымызға қайшы келсе де, орындадық.

Біз өз қалауымыз бойынша өмір сүре аламыз. Досымыздың өмірі соның айғағы болды. Біз өз қалауымыз бойынша өле де аламыз. Өз еркімен өмірден кеткен досымыз осыған да дәлел тастап кетті. Алайда, өлім келіп жеткеннен кейін, мәдени биліктің “өкілдері” келіп, біздің жансыз мүрдемізді өз қалауларына сай қолданады. Олар біздің достарымыздың ауыздарын жауып, жақындарымыздың да көмейінен артық сөз шығып кетпесін деп, қызғыштай қориды. Біздің атымыз бен затымызды елеп-ескерместен, құрдымға жібереді.

Біз бұны тоқтауымыз керек.

Консерваторлар мен діндарлардың, дәстүршілдердің бұндай сөзсіз билігіне тосқауыл қоюымыз керек. Бізге өз мәдениетімізді қалау абзал. Ежелгі бабаларымыз секілді, біз де өз мәдениетімізді өлім мәдениетінен бастауымыз керек.

Батыстағы ЛГБТ мәдениеті де өлімнің негізінде қаланған. ЖИТС олар үшін өліммен тең болды. ЖИТС ЛГБТ үшін басқа істемеген жақсылықты істеп кетті. Ол ЛГБТ мәдениетінің бастауы болды. Біздегі жағдай басқаша. АИТВ мен қауіпсіз жыныстық қатынас қағидалары жиі сөз болғанымен, бізде кезіндегі АҚШ пен Европадағыдай мыңдаған адамның жанын қиып, мазарларды біздің үзеңгілестердің мәйітімен толтырған жаппай індет жоқ.

Біздің індетіміз басқа - өзіне-өзі қол жұмсау.

Біздің досымыз өз жанын өзі алды. Бұл барлығына белгілі құпияға айналды. Алайда, оны ашып айтуға рұқсат жоқ.

Тіпті өз арамызда да суицид жайлы сөз қозғамауға шақырғандар табылды. Керегі жоқ, өсек тарап кетеді деді. Мен бұнымен үзілді-кесілді келіспеймін. Сіздерді де келіспе деп үндеймін.

Өзіне-өзі қол жұмсау біздің бауырлардың арасындағы ең кең тараған өлім. Біздің елде қанша гей, лесбиан, бисексуал мен трансгендер өз жанын өзі алатыны жайында мағлұмат жоқ. Бұндай мағлұматты жинайтын елдерге қарасаң, төбе шашың тік тұрады.

Суицид – біздің Өлім. Бұл Қазақстандағы ЛГБТ мәдениетінің негізі. Біздің өміріміз де сол. Өмір сүрсек те, өлсек те өзгенің заңымен болады.

Өзіне-өзі қол жұмсау туралы айтпау, тыныштық сақтау – ағаттық. Бұл жайлы сөйлеу керек. Сөйлегенде де, бірінші кезекте өз жанына өзі қол салуға итермелейтіндер жайлы сөз қозғау керек. Бізді өлімге итермелейтіндер: патриархат, бізді көмуге келетіндердің консервативті, дәстүрлі көзқарастары. Қолы қанға былғанғандар артынша қайтыс болған лесбиан, гей, бисексуал және трансгендерлердің үйіне келіп, өз заңын соғады. Бұл сұмдықты тоқтату керек!

Өмір сүрсек, өз қалауымызша өмір сүреміз. Өлсек те, өз еркімізше өлеміз. Ендеше, мүрдемізді кім және қалай көметіндігі де біздің еркімізге сай таңдалсын. Біздің өлім мен біздің жерлеудің айналасына шоғырланған мәдениет пен дәстүрдің қандай болатындығын біз өзіміз шешетін боламыз.

Артымыздан жоқтаған достарымыз көз жастарын жасырмасын, ашық түрде достық пен махаббатты сөзге тиек етіп жоқтасын. Біз сүйген жар өзгенің өсегін тыңдап бұрышқа тығылмасын. Біз сүйген адамдар біздің әке-шешемізбен жылап көрісіп, төс қағыссын. Олардың көз жастары жылға болып ағып, өзен болып қосылсын. Қосылсын да, ыстық жас жүрекке қатқан шерді тарқатып, мұңды жуып шайсын.

Бокалды өлім үшін көтеремін!

Аудармашы: Заман Үні

Комментарии

Войдите или зарегистрируйтесь, чтобы отправлять комментарии