close

You are here

24 April 20176418

Махмұд ибн Себүк-тегін: түркіден шыққан атақты гей

Араб және парсы деректерінде түрік-мамлюк деп танылған Махмұд ибн Себүк-тегін Ғазнауидің әкесі Себүк-тегін мен оның атасы Алып-тегін Хорасанның әмірлері болған. Әл-Утбидің “Китаби-йамини” еңбегінде келтірген деректеріне сүйенсек, Хорасанның әмірі Себүк-тегіннің шыққан тегі Түркі болған. Алайда, бұл фактіні Әл-Утбидің көмегінсіз де танысақ болады. Себүк-тегіннің есіміндегі “тегін” деген сөз орта ғасырлық түркі тілдерінде “билеуші” деген мағынаны беріп, көптеген Түркі әміршілерінің есімдерінде кездеседі.

Махмұд ибн Себүктегін (бұдан ары Махмұд Ғазнауи) Ғазнауи династиясының негізін қалап, оның территориясын едәуір кеңейтіп, қазіргі Үндістан территориясына дейін жеткізді. Алайда, ел аузында және бірнеше мұсылман елдерінің фольклорында Махмұд Ғазнауи “өз құлына құл болған сұлтан” немесе “махаббатың құлы болған сұлтан” деген атпен қалды. Бұл әфсаналарға негіз болған, сұлтанның жүрегін жаулаған адам Мәлік Аяз немесе Түрік Аяз болатын.

Бұл екі ердің арасындағы сүйіспеншілік көптеген аңыздарға негіз болды. Ол аңыздардың бірін бізге атақты шығыс шайыры Омар Хайямның шәкірті Низами Арузи жеткізді. Аңыз мынадай:

“Махмұд Йамин ад-Дәуләттің жүрегінде туындаған Түрік Аязға деген махаббат әмме жұртқа мәшһүр. Аяз асқан сұлу еместі, алайда игі қасиеттері көп еді. Оның жүзі жарқын, өңі бидай өңдес, бойы иген талдай, қимылы еліктей еді, ал сарай салтын білуге келгенде Аязға жететін жаһанда жан жоқ еді. Аяздың осы қасиеттері сұлтанның көңілін аудартқан болса керек.

Махмұд Құдайдың қаһарынан қорыққан тақуа адам еді. Сондықтан ол өзінің махаббатымен ұзақ арпалысты. Арпалысты да, хақ жолдан таймады. Алайда, бір түнде сауық құрып отырған сұлтанның жүрегін шарап жібіткеннен кейін, ол Аяздың жүзінен тымық түнде көл бетіне түскен ай сәулесіндей, күн нұрына шомылған сүмбіл гүліне татырлық сұлулық көрді. Сол сәтте сұлтанның жүрегін тұмшалаған перде ашылып, құрсаған шынжырлар үзілді. Сұлтан Аязды сүйе құшты...”

Өзге бір әфсанада Махмұд Ғазнауи Мәлік Аяздан: “Жаһандағы ең құдіретті сұлтан кім?” деп сұрайды. Сонда Аяз: “Ең құдіретті сұлтан мен” деп жауап қайырады. Бұл қалай болды деп сұраған сұлтанға Аяз: “Сұлтандардың сұлтаны сен болсаң, сенің жүрегіңді билеген әмірші мен” деп айтқан екен.

Бұл секілді аңыз әңгімелер Шығыс әдебиетінде кеңінен таралған. Екі ердің арасындағы махаббат ғасырлар мен сансыз діни цензураны жарып өтіп бізге халықтық фольклор арқылы жетіп отыр. Тарих жылнамаларында аты қалған гейлердің мысалы осы. Ал қағазға түспей, ұмыт қалған мысалдар қанша екенін түсініп біле алмаспыз. Не десе де, Орта Азия мен Таяу Шығыста, Сібір мен Кіші Азияда ер мен ердің арасындағы, әйел мен әйелдің арасындағы сүйіспеншілік тарихи шындық болып қала береді.

Дереккөз:

  1. Низами Арузи Самарканди. Собрание редкостей или Четыре беседы. М.: ИВЛ, 1963, с. 64–66.
  2. Neill, James (2008). The Origins and Role of Same-Sex Relations In Human Societies. McFarland. стр. 308 

Пікірлер

Log in or register to post comments

Или войти через: