Әмбебап мерзімді шолудың 34-ші сессиясындағы Адам құқықтары жөніндегі кеңеске баяндама (қазақ тіліне бейресми аударма)
(Үшінші цикл, қазан-қараша 2019)
КІРІСПЕ
1. Kok.team – 2017 жылдың 1 наурызында ЛГБТ-БАҚ ретінде ресми түрде құрылған қазақстандық үкіметтік емес құқық қорғау ұйымы. Біздің ЛГБТ БАҚ – ЛГБТ адамдарының дауысын жеткізуге бағытталған алаң.
2. 2018 жылдың наурыз айынан бастап Kok.team Қазақстанда жыныстық бағдар және гендерлік сәйкестік белгісі бойынша кемсіту жағдайлары туралы ақпарат жинап келеді. Ол үшін біз кеңес немесе көмек алу үшін ЛГБТ белсенділеріне хабарласу құралы ретінде қолданылатын онлайн-форма жасадық.
3. Kok.team осы баяндаманы Қазақстандағы кемсітушілік мәселесіне байланысты дайындады: баяндамада басты назар жыныстық бағдар және гендерлік сәйкестік белгісі бойынша кемсітушілікке аударылады.
АЛДЫҢҒЫ ЦИКЛ ҰСЫНЫСТАРЫНЫҢ ОРЫНДАЛУ БАРЫСЫНА ШОЛУ
4. Әмбебап мерзімді шолу шеңберінде 2014 жылы екінші цикл кезінде Қазақстан жыныстық бағдар және гендерлік сәйкестік белгісі бойынша кемсітушілікке қатысты үш ұсынымды қабыл алды1:
5. Қазақстан «әйелдерге қатысты кемсітушілікке, сондай-ақ жыныстық бағдар негізінде кемсітушілікке тыйым салатын нақты заңнама қабылдау және барлық адамдар кемсітушілік жағдайлары туралы қауіпсіз хабарлай алатын және құқықтық қорғау құралдарына қол жеткізе алатын жүйені әзірлеу» ұсынымын қолдады2. Алайда, Қазақстанда адамдарға кемсітушілік жағдайлары туралы қауіпсіз хабарлауға және құқықтық қорғау құралдарына қол жеткізуге мүмкіндік беретін жыныстық бағдар белгісі бойынша кемсітушілікке тыйым салатын арнайы заңнама немесе жүйе әлі күнге дейін жоқ.
6. Қазақтан «халықаралық адам құқықтары бойынша міндеттеріне сәйкес қоғамның негізгі және табиғи бастамасы болып табылатын отбасын тиімді қорғау құқықтарын барлық адамдар үшін қамтамасыз ету» ұсынымын қолдады3. Мемлекеттерді заңнама жүзінде мойындауға шақыратын Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі комитеттің ұсынымдарын ескере отырып, 124.38-ші ұсыным (Мысыр) қазақстандық біржынысты жұптарды да қамтиды деп есептейміз. Дегенмен, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі некені «еркек пен әйел арасындағы тең құқықты одақ» ретінде анықтау арқылы бір жынысты отбасыларды тікелей кемсітеді, оған қоса, Кодекстің 11-бабында бір жынысты адамдар арасында неке қиюға (ерлі-зайыпты болуға) жол берілмейді делінген.
7. Мемлекет «лесбияндарды, гейлерді, бисексуалдарды, трансгендерлерді және интерсекс адамдарды қорғау және кемсітпеу үшін құқықтық негізді нығайту» ұсынысын қолдамады5. Қорғауды және кемсітпеуді қамтамасыз ететін құқықтық базаның болмауына байланысты ЛГБТ-адамдар жұмыста жеккөрушілік пен кемсітушілік қылмыстарына ұшырайды, балалардың құқықтары да бұзылады.
ҰЛТТЫҚ ШЕҢБЕРДЕГІ ЛГБТ ҚҰҚЫҚТАРЫ
8. Ұлттық заңнама жыныстық бағдар және гендерлік сәйкестік негізінде адамдарды тікелей және жанама түрде кемсітеді.
9. Тікелей кемсіту
a. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі некені «еркек пен әйел арасындағы тең құқықты одақ» ретінде айқындайды, сондай-ақ бір жыныстық қатынастардың некеге негіз болуына жол берілмейтінін анық айтады6.
b. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес «дәстүрлі емес жыныстық бағдар ұстанатын» адамдарға бала асырап алуға тыйым салынады7.
c. Гомосексуалдылық мен бисексуалдылық аурулар мен денсаулыққа қатысты проблемалардың халықаралық статистикалық жіктемесі тізімінен алып тасталғанына қарамастан (АХЖ-10), ел заңнамасы гомосексуалдарға ішкі істер органдарында жұмыс істеуге тыйым салады, гетеросексуалды емес бағытты «тұлға ақауы» деп анықтайды (F60-F69)8.
10. Жасырын кемсіту
a. Мемлекет Конституциясы кез келген кемсітушілікке тыйым салады және осындай кемсітудің ықтимал негіздерінің ашық тізімін келтіреді: «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды». Осыған қарамастан, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде 14 тармақты қамтитын жасырын кемсіту түрлерінің тізімі бар. Осылайша, Еңбек кодексі Негізгі заңға қайшы ғана емес, сонымен бірге жыныстық бағдар және гендерлік сәйкестік бойынша кемсітушілікке қарсы тұру мүмкіндігін жоққа шығарады 9.
b. Қылмыстық кодекстің 145-бабы кемсітушілік үшін жазаны көздейді және мұндай кемсітушілік үшін ықтимал негіздердің ашық тізімін келтіреді10, ол Конституцияның мәтініне сөзбе-сөз сәйкес келеді. Жыныстық бағдар және гендерлік сәйкестік бойынша кемсіту Қылмыстық кодексте де, Конституцияда да тікелей қамтылмайды.
11. Мемлекетте кемсітушілікке қарсы заңнаманың болмауына байланысты ЛГБТ адамдарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау айтарлықтай шектелген. Кемсітуге тыйым салу негіздерінің ашық тізімін Конституцияға енгізу кейбір жағдайларда жыныстық бағдар мен гендерлік сәйкестікке негізделген кемсітушілік мотивтерді тануға үміт береді, бірақ түпкілікті шешім сот қалауына қалдырылады. Заңнамада кемсітушілік ұғымының ресми анықтамасының болмауы жағдайды ушықтырады.
12. Сонымен қатар ЛГБТ белсенділері кемсітушілікке қарсы кең ауқымды заңнаманы әзірлеу кезінде жыныстық бағдар және генделік сәйкестік бойынша кемсіту ескерілмей қалады деп алаңдайды. Бұл қорқыныштар негізсіз емес, өйткені Қазақстан әр түрлі деңгейлерде толеранттылық пен кемсітпеушіліктің маңыздылығын жиі жариялайды, алайда жыныстық бағдар мен гендерлік сәйкестік негізіндегі кемсітуді ескеру туралы тікелей үндеулерді елемейді. ЕҚЫҰ-дағы АҚШ миссиясының деректері бойынша11, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы саммитінде (2010 ж.) көптеген қатысушы мемлекеттер мен үкіметтік емес ұйымдар көптүрлілікті құрметтеуге және барлық адамдардың, соның ішінде ЛГБТ-ның құқықтарын қорғауға шақырғанымен, бұл проблема сол кездегі төраға, яғни Қазақстан дайындаған12 «Қауіпсіздік қоғамдастығы жолында» Астана мерейтойлық декларациясында ескерілмеген.
13. 2015 жылы Қазақстан «гей-насихатқа» тыйым салатын заң қабылдау алдында тұрды. Қазақстан Парламентінің депутаттары Ресейлік әріптестеріне еріп, «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау» заңы арқылы кемсітуші заң қабылдауға шешім қабылдаған. Бұл заң екі палатада қабылданып қойған заманда халықаралық азаматтық қоғам, атап айтқанда олимпияда қауымдастығы араласты. Ол кезде Қазақстан қысқы Олимпияда ойындарын өткізу үшін конкурсқа қатысып жатқан болатын. 27 олимпияда спортшысы гомофобты заң қабылдап жатқан мемлекетте олимпияда ойындарын өткізуден бас тартуға шақырды. Конституциялық кеңес бұл заңның қол қойылуына жол берген жоқ. Ресми баяндама бойынша, заң техникалық себептер бойынша кері қайтарылған.
14. 2018 жылы «Балаларды денсаулығына және дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» заң кемсітуші баптың қосылуынсыз қабылданды, бірақ бірнеше айдан кейін үкімет заңға тәуелді акт арқылы «гомосексуализмді насихаттауға» тыйым салуға тырысты. Құқық қорғаушылар мен АҚЖКБ сарапшыларының күш-жігерінің арқасында заңға тәуелді акт кемсітуші бапсыз қабылданды13. Мемлекеттік билік жыныстық бағдар және гендерлік сәйкестік бойынша заңнамалық кемсітуді күшейту әрекеттерін тоқтатпайтыны анық.
АЙМАҚТАРДАҒЫ ЛГБТ ҚҰҚЫҚТАРЫ БОЙЫНША АХУАЛ
15. Жыныстық бағдар және гендерлік сәйкестік негізіндегі кемсітушілікке қарсы тиімді тетіктің болмауына байланысты ЛГБТ адамдар көбінесе жұмыс орнында жеккөрушілік пен кемсітушілік қылмыстарға ұшырайды, сонымен қатар бала құқықтары бұзылады.
16. 2018 жылы Kok.team ЛГБТ-ға қатысты кемсітушілік жағдайларын қадағалады. Нәтижесінде, 2018 жылы суицид, адам өлтіру қаупі, шабуыл, жыныстық зорлық-зомбылық, бопсалау, полицияның әрекетсіздігі және бала құқығын бұзу туралы 29 жағдай анықталды14.
1. Өмір құқығы
17. Гомофобияға байланысты өзін-өзі өлтірудің 1 жағдайы және кісі өлтіру қаупінің бес жағдайы тіркелді. Өзін-өзі өлтіру немесе кісі өлтірудің шынымен гомофобиямен байланысты екенін айту қиын, өйткені зардап шеккендердің туыстары стигматизациядан қорқып, өлімнің себептерін жасырады. Алайда қазақстандық гей және бисексуалды ерлер арасында 50% респонденттің суицид жайлы ойлары болғандығын көрсететін зерттеу15 бұл мәселенің өзектілігін айқындайды.
18. Кейс: Жас жігіттің әкесі баласы гомосексуал екен деп күдіктенген. Жігіт бұл күдіктерді жоққа шығарған, алайда әкесі баласының гомосексуалдылығы дәлелденген жағдайда пышақтап өлтіремін деп қорқытқан.
2. ЛГБТ-ға қарсы жеккөру негізіндегі қылмыстар – шабуыл жасау, бопсалау және тиімді тергеу жүргізілмеуі
19. Мониторинг нәтижелері бойынша біз шабуыл жасау және бопсалауға байланысты 19 жағдай туралы хабарлама алдық. Бұл Қазақстанда ЛГБТ адамдар қауіпсіздікте өмір сүрмейтіндігін көрсетеді. ЛГБТ адамдардың көпшілігі өзінің жыныстық бағдары мен гендерлік сәйкестігін жасырын ұстайтынына қарамастан, олар өздерін үйде де, сыртта да зомбылықтан қорғай алмайды. Олардың жеке өмірлері жиі зомбылықтың нысанына айналады.
20. ЛГБТ адамдарға гей-клубтардың маңында жиі шабуыл жасалады. Жыныстық бағдары мен гендерлік сәйкестігі туыстары мен таныстарына белгілі болған тұлғалар осы адамдардың тарапынан мазаққа және кемсітушілікке ұшырайды.
21. Кейс: Ер адам өзінің 19 жасар бауырының гендерлік бағдарын білген кезде, оны және оның жолдасын аяусыз ұрып тастаған.
22. Кейс: Жас жігіттің жыныстық бағдары жалпыға белгілі болып қалады. 20-ға жуық колледж студенті оны аңдып, өлтіруге тырысқан. «Аңду» мен мазақ үш жыл бойы жалғасып келеді.
23. Гейлерге қарсы зорлық-зомбылыққа байланысты көптеген жағдаяттар мүлікті тонау немесе бопсалау мақсатында жасалған жоспарлы шабуыл санатына кіреді. Қаскүнемдер танысу сайттары мен қосымшаларын қолданатын адамдарды тауып алып, оларды қыдыруға шақырады. Кездесу кезінде олардың жеке мүлкін тартып алып, соққыға жығады, кейде зорлайды. Одан кейін сайттарда немесе қосымшаларда танысу кезінде алынған фото немесе видео секілді жеке ақпаратты бопсалау мақсаттарында қолдаданы.
24. Кейс: Қаскүнем Instagram желісінде парақша құрып, онда гейлердің фотосуреттерін жариялаған. Бопсалап, фотосуреттерді өшіру үшін ақша талап еткен.
25. Кейс: Қаскүнем бір жігітпен әлеуметтік желіде танысып, кездесуге шақырған. Кездесу соңында ол жігітті пышақпен қорқытып, смартфонын тартып алған. Оның алдында жігітті өзінің гей екендігін камера алдында мойындауға мәжбүр еткен. Бұл жәбірленушінің полицияға хабарласпауын қамтамасыз ету мақсатында жасалған.
26. Қаскүнемдер өз құрбандарының дәрменсіздігін пайдаланады. ЛГБТ адамдар полицияға жүгіуден қорқады, себебі полиция қызметкерлерінің өзі оларды бопсалауы мүмкін. Соңғы бірнеше жыл ішінде шабуылға ұшыраған тек бір гей адам өз құқықтарын сот арқылы қорғау үшін полицияға жүгінген.
27. Бізге полиция қызметкерлерінің жәбірленушінің шағымын қабылдаудан бас тартақаны туралы екі жағдай белгілі.
28. Кейс: Көршілері жігіттің жыныстық бағдары туралы біліп қойған (Алматы қаласында). Олар оны аңдып, соққыға жыға бастаған. Полиция оның шағымынан бас тартып, жігіт бірнеше рет мекен-жайын ауыстыруға мәжбүр болады. Шабуыл жасаушылар үнемі оның жаңа мекен-жайын тауып алып отырған.
29. Кейде адамдар полиция қызметкерлері тарапынан болатын зорлық-зобмылықтан сексенгендіктен полиция қызметіне жүгінбейді. Бізге полиция қызметкерлерінің гейлерді зорлаған екі жағдайы белгілі.
3. Еңбек саласындағы кемсітушілік
30. Жыныстық бағдар және гендерлік сәйкестік бойынша еңбек саласында кемсітушілікке тап болған ЛГБТ адамдар оған қарсы заңды әрекеттер жасай алмайды, себебі елдің Еңбек кодексі бұл үшін ешқандай мүмкіндік бермейді. Конституция мен басқа да заңдарда «кез келген өзге мән-жайлар», сондай-ақ нәсілі, жынысы және діні бойынша кемсітушілік қамтылатын кемсітушілік түрлерінің ашық тізімі келтірілгеніне қарамастан, Еңбек кодексіндегі кемсітушілік түрлерінің тізбесі 14 тармақпен шектелген және «кез келген өзге мән-жайларға» сілтеме жасауға мүмкіндік бермейді.
31. Кейс: Жас жігіт веб-дизайнер болып жұмыс істейді. Оның жыныстық бағдары туралы біліп, басшылық жалақысын төмендетіп, жұмыс істеуге төзгісіз жағдай жасаған.
4. Бала құқықтарының бұзылуы
32. Біздің мониторинг кемсіту мен қылмыс жағдайларын ғана емес, сонымен қатар ЛГБТ адамдар ұшырайтын басқа да қиын жағдайларды, мысалы, қорлау, туыстарының қысымы, меншікке қарсы қылмыстар және т. б. анықтайды. 2018 жылы проблемалардың кең ауқымы бойынша жалпы 80 шағым тіркелді. Респонденттердің 22%-ы 18 жасқа дейінгі балалар. Олар негізінен отбасы мен мектепте қиындықтарға тап болады.
33. Кейс: 18 жасқа толмаған жасөспірім ата-анасы оның жыныстық бағдары туралы біліп қойып, үйден қуғаны туралы айтты.
ШОЛУ ОБЪЕКТІСІ БОЛЫП ТАБЫЛАТЫН МЕМЛЕКЕТКЕ ҰСЫНЫСТАР
KOK.TEAM ҚАЗАҚСТАН ҮКІМЕТІН ТӨМЕНДЕГІ ҰСЫНЫСТАРДЫ ҚАБЫЛДАУҒА ҮНДЕЙДІ:
ҰЛТТЫҚ ШЕҢБЕРДЕГІ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ
-
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстегі бір жынысты некені тікелей кемсітуді жою;
-
Ішкі істер органдарына жұмысқа қабылдау ережелеріндегі тікелей ЛГБТ кемсітушілігін жою;
-
Жыныстық бағдар және гендерлік сәйкестік негізінде кемсітуге тыйым салуды Қылмыстық кодекстің 145-бабына енгізу;
-
Халықаралық стандарттарға сәйкес «кемсітушілік» ұғымына нақты анықтама беретін және жыныстық бағдар мен гендерлік сәйкестік негізінде кемсітушілікке тікелей тыйым салатын кең ауқымды кемсітушілікке қарсы заңнама әзірлеу және енгізу.
ӨМІР ҚҰҚЫҒЫ
-
Жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол салудың алдын алу бағдарламаларына жыныстық бағдар және гендерлік сәйкестік компонентін қосу.
ЖЕККӨРУШІЛІК ҚЫЛМЫСТАР
-
Жыныстық бағдар және гендерлік сәйкестік негізіндегі өшпенділікті қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде жіктеуді көздей отырып, Қылмыстық Кодекстің 54-бабына түзетулер енгізу;
-
Барлық адамдар кемсітушілік жағдайлары туралы қауіпсіз есеп бере алатын және құқықтық қорғау құралдарына қол жеткізе алатын жүйе қалыптастыру.
ЕҢБЕК САЛАСЫНДАҒЫ КЕМСІТУШІЛІК
-
Жыныстық бағдар және гендерлік сәйкестік негізінде кемсітушілікке тыйым салуды Еңбек кодексінің 6-бабына енгізу.
БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ
-
Отбасында және оқу орындарында ЛГБТ балаларды қорғау мен қолдаудың ұлттық тетігін әзірлеу.
REFERENCES
- Report of the Working Group on the Universal Periodic Review, Available at < http://daccess-ods.un.org/access.nsf/Get?Open&DS=A/HRC/28/10&Lang=E > (15 Feb. 2019)
- A/HRC/ 28/10, recommendation 124.6 (Canada)
- A/HRC/ 28/10, recommendation 124.38 (Egypt)
- A/HRC/31/37, Protection of family: contribution of family to execution of the right to adequate standard of living for its members, particularly through its role in poverty eradication and achieving sustainable development
- A/HRC/ 28/10, recommendation 126.24 (Spain)
- Marriage and Family Code, article 11. Available at < https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=31102748#pos=533;-54 > (15 Feb. 2019)
- Annex 8 to Order No 198 of the Minister of Education and Science of the Republic of Kazakhstan of April 13, 2015 On Approval of the Standards for Provision of Public Services in the Sphere of Family and Children Available at <http://adilet.zan.kz/rus/docs/V1500011184> (19 March 2019)
- Annex 18 to the Requirements for the Health Status of Persons Employed to the Internal Affairs Agencies <http://adilet.zan.kz/rus/docs/V100006175_> (19 March 2019)
- Labor Code, Article 6. Available at < https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=38910832#pos=400;-18 > (15 Feb. 2019)
- Criminal Code, Article 145. Available at < https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=31575252#pos=2094;-54 > (05 Mar. 2019)
- Statement by the Delegation of the United States on OSCE High-Level Conference on Tolerance and Non-Discrimination, held in Astana on June 29 and 30 in 2010. Available at < https://www.osce.org/ru/pc/70876 > (15 Feb. 2019)
- Astana Commemorative Declaration: Towards a Security Community. Available at < https://www.osce.org/mc/74985 > (15 Feb. 2019)
- More information at < https://www.kok.team/ru/2019-01-16/detyam-kazahstana-mozhno-rasskazyvat-... > (15 Feb. 2019)
- More information in Kok.team report at < https://www.kok.team/ru/2018-11-27/prestupleniya-bez-nakazaniya-kak-lgbt... > (15 Feb. 2019)
- More information in research “Mental Health and Suicidality Among Gay and Bisexual Men in Kazakhstan” (2018). Available at < https://www.kok.team/files/files/article/386/mental-health-of-gay-bisexu... > (15 Feb. 2019)