close

You are here

03 April 20177111

Псевдо-эксперттерге жауап

13-ші Наурыз күні el.kz сайтында Мөлдір Дарханбаеваның “ЛГБТ: Сын мен сыр” деген мақаласы жарыққа шықты. Мөлдір ханым секілді біздің бар сынымыз бен сырымызды “түсінетін” эксперт-сымақтардар әбден шаршағанымыз да рас. Алайда, жаңылғанды түзеу, дұрыс ақпарат беру – біздің парызымыз. Ендеше, Мөлдір Дарханбаеваның “аса ғылыми” және “өте объективті” журналисттік зерттеуін талдап көрейік.

Әлбетте, журналист ханымның біздің қауымдастыққа қызығушылық танытып, оның сырын түсінуге тырысқандығына алғыс білдіру керек. Дегенмен, журналисттік зерттеу деген шындықты табу үшін жасалатын болушы еді. Ал, Мөлдір ханым зерттеуге емес, ұрысқа шыққандай көзқараспен жазыпты. Содан болар, зерттеуі сыңаржақ, ал аргументтері негізсіз. 

Мөлдір Дарханбаева, журналист
Мөлдір Дарханбаева, журналист

Журналисттің бізге деген дұшпандық көзқарасы әр сөзінен-ақ көрініп тұр. Ол жігіттің “бақытты өмірі” деп, тырнақшаға алып, бізді бақыт деген сөзге мүлде лайықсыз көреді. Сөйтіп, біздің лайықсыз екендігімізді дәлелдеу үшін ол екі ай бойы *** тобына бақылау жүргізіпті. Біздің қауымдастықта әр түрі топтардың өз бағыттары, мақсаттары бар екендігі белгілі. *** тобы мен сол типтес бірнеше топ ЛГБТ қауымдастығында адамдар өз сезімдерін білдіріп, бірін-бірі іздейтін топ. Бұл секілді бір бағыттағы топты сараптап, одан барлық ЛГБТ феномені жайында қортынды шығару, Мөлдір ханымның әйелдік тұлғасын тек қана оның жатын бөлмесін бақылау арқылы зерттеумен пара пар. Сіздің өміріңіздің қандай бөлігі жатын бөлменің сыртында өтетін болса, біздің өмірдің де сонша бөлігі *** секілді топтардан тысқарыда өтеді. Тесіктен сығалап сырын таныдым деу ағаттық болар.

Содан кейін мақала жыныстық көзқарастың өзгеруіне әкелетін бес себепті беріпті. Осылайша, ғалымдар жылдар бойы таба алмай бас қатырып жүрген күрделі мәселенің шешімін Мөлдір ханым тауып, оны тіпті беске бөліп, классификациялап тастапты. Мөлдір ханым, ЛГБТ сіз ашқан жаңалық емес қой. Сізге дейін осы тақырыпта көптеген ғылыми мақалалар жазылды. Ақыры журналисттік зерттеуге бел буған екенсіз, сол мақалаларға бір көз жүгіртіп шықсаңыз қайтер еді? Ғалымдар осы күнге дейін гомосексуалдылықтың себебін нақты таба алған жоқ. Алайда, қай факторлар гомосексуалдылықты туындатпайтындығы жөнінде ғылыми консенсус орнаған. 

Association for Psychological Science logo
Association for Psychological Science

2016 жылдың сәуір айында Психологиялық Ғылым Ассоциациясының (Association for Psychological Science) ғылыми журналында Northwestern университетінде тіркелген ғалым Майкл Бэйли (J. Michael Bailey) бастаған алты ғалымнан тұратын топ ЛГБТ тақырыбы бойынша 50 жыл бойы жинақталған ғылыми материалға сипаттама және сараптама ұсынған мақаласын жариялады. (Psychological Science in the Public Interest 2016, Vol. 17(2) 45-101: Sexual orientation, Controversy and Science) 50 жыл бойы жинақталған ғылыми материалдың қортындысы мынадай: “Ғылыми зерттеулер нәтижесі сексуалдық ориентацияны (бағытты) әлеуметтік күштердің әсерімен үйрену немесе үйрету мүмкіндігін жоққа шығарады. Сонымен қатар, әлеуметтік толеранттылықтың кең таралуы гетеросексуалдық емес сексуалдылық түрлерінің көбеюіне алып келетіндігін дәлелдейтін ақпарат жоқ.”

Сол себепті, Мөлдір ханымның “еліктеу”, “зорлық-зомбылық”, “үйдегі тәрбие” және “жарнама” деген себептері ғылыми шындыққа сәйкес келмейді. Ал, “табиғат қателеседі” деген пунктіге тоқталсақ, еркектердің мінезі нәзік, ал әйелдердікі еркек типтес деген сөздерін автор өзі өз мақаласында жоққа шығарып отыр. Гейлер мен лесбияндардың мінезіне қарай қандай топтарға бөлінетінін көрсету арқылы Мөлдір ханым барлық гейлерді бір типке жатқызуға болмайтындығын ашып көрсетті. Ендеше, Мөлдір ханым, табиғат қателесе ме, жоқ па, бірақ сіздің қателескеніңіз анық.

American Psychological Association logo
American Psychological Association

Ал енді, журналисттің психологтан келтірген “эксперттік” пікіріне келетін болсақ, Құрмангүл Айтқалиева ханымның қандай психолог екендігі белгісіз. Психологтың ішінде де түрлісі бар. Айтқалиева ханым нақты жыныс және гендер, сексуалдылық салаларында қандай біліктілігі бар? Бұны анықтау керек. Сіз кардиологтан көз туралы сұрамайсыз ғой.

Дегенмен, Айтқалиева ханым өз сөзіне өзі қарсы шығып, гомосексуалдылық ауру емес, бірақ жыныстық органдардың қалыптасуы кезінде болатын ауытқушылық деп отыр. Жоғарыда келтіріп кеткен 50 жылдық ғылыми база гетеросексуалды емес сексуалдылықтың ешқандай да ауытқушылық емес екендігін дәлелдеп отыр. Соңғы елу жылдық ақпарат жайлы хабар алуды Айтқалиева ханым ұмытып кеткен болар. Осы сөздерден кейін психолог ханым дер кезінде қол ұшын берсе, бұл ауытқушылықты емдеуге болады деп айтыпты. 2009 жылы Американдық Психология Ассоциациясы (APA) ұсынған нұсқаулық гомосексуалдылықты емдеу 1960 жыл мен 2007 жыл арасында еш позитивті нәтиже бермегендігін айтады. “Емделгендердің” барлығы дерлік өз сексуалдылығын өзгертпеген. Керісінше, емдеу депрессия, ұдайы қорқыныш және суицид секілді жағымсыз нәтижелерге алып барған. Онсыз да елімізде өзіне-өзі қол жұмсау статистикасы жыл санап өсіп келе жатқанда, Айтқалиева ханым бұл статистикаға тағы да кінәсіз жасөспірімдерді қоса түсуді қалайды ма? 

Ал ЛГБТ мен дін мәселесіне келер болсақ, тек қана Қазақстанның зайырлы мемлекет екендігін еске сала кеткіміз келеді. Егер біз тек қана шариғат заңымен жүретін болсақ, Мөлдір ханым журналист болып, ал Құрмангүл ханым психолог болып, қоғамға пікір білдіріп отыра алар ма еді, жоқ па, ол мүлде өзге мәселе.

Сонымен, Мөлдір ханымға жауабымыз осы. ЛГБТ-ны танығыңыз келсе бізге қарсы дұшпандық пиғылдан арылыңыз. Компьютердің арғы жағында отырып, тесіктерден сығалап, жарықтарға құлақ тоспай, бізді тауып алыңыз. Біздің өмірімізбен танысыңыз. Біз сіз ойлағандай ауру немесе құбыжық емеспіз. Сіз секілді және барлық Қазақстандықтар секілді өз бақытымызды іздеп, оқуымызды оқып, жұмысымызды істеп жүрген қарапайым азаматтармыз. Мөлдір ханым осыған құлақ түріп, өз зерттеуін шындықты тапқанша жалғастыра береді деген үміттеміз.

Пікірлер