close

You are here

09 April 20182807

Қиындаққа тап болсаңыз

Kok.team редакциясы азаматтарды гендерлік сәйкестігі және сексуалдылығы негізінде кемсітушілікке ұшырату жағдайлары бойынша статистикалық мәліметтер жинастыруды бастайтындығын хабарлайды.

Осындай статистика жинастырудың ең маңызды себебі – біз барлығымыз да зомбылық алдында қауқарсызбыз. Барлығымыз да, біріміз жиірек болса, біріміз сирек, гей, лесбиян, бисексуал, трансгендер әйел не еркек болғанымыз үшін зорлыққа ұшыраймыз.  Бір көзбен қарағанда, Қазақстан жұртшылығы ЛГБТ+ адамдарға оң қарайды деп ойлауға болады, бірақ біреудің ЛГБТ мүшесі екені нақты белгілі болғанда, шындықтың беті ашылып қалады.

Кейбіреулердің жолы болып «жай ғана» сөзбен кемсітумен шектеледі, бірақ оның өзі де заң бұзушылық (ҚР ҚК 131 бабы). Кәмелеттік жасқа толмаған жас өспірімдерді үйден қуып жатады (ҚР ҚК 140 бабы). Емделуге қыстайды (ҚР ҚК 7 бөлімі – Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары). Бізді ұрады (ҚР ҚК 106, 107 баптары). Бізді бопсалайды (ҚР ҚК 115 бабы). Зорлық және қоқан-лоқы көрсетеді (ҚР ҚК 120 және 194 баптары). Суицидке итермелеу мәселесі тіпті бөлек, бұл жағдайда не жеке адамдарды, не барлық қоғамды айыптарыңды білмейсің (ҚР ҚК 105 бабы). Кейде тіпті өлтіріп те кетеді (ҚР ҚК 99 бабы). Оның сыртында жұмысқа қабылдамай қою, немесе шығарып жіберу секілді «ұсақ-түйектер» және бар. Бұның барлығына жеке немесе БАҚ арқылы жүзеге асырылатын келемеж қосылады, адамның арына қарсы қылмыс жасалады.

Бұл жағдайларға сіз өзіңіз тап болмасаңыз да, сіздің таныстарыңыз, достарыңыз кезігіп жатқан болуы мүмкін. Бұл бар жағдай. Бұл өкінішті жағдай.

ЛГБТ қауымдастығына түсіністікпен қарайтын мемлекеттерде де жыл сайын біз секілділерге қарсы жасалған шабуылдар туралы мәліметтер шығып жатады. Дамыған мемлекеттердің өзінде сондай болса, Қазақстанды сөз етудің өзі артық.

Қорғансыздықтың себебі неде?

Жауабы күрделі емес – сексуалдылық немесе гендерлік сәйкестік негізінде дискриминацияға ұшыраған жағдайда біз полицияға бармаймыз, сотқа бермейміз, себебі өзіміз жайлы шындық ашылып қалар деп қорқамыз. Іс басталған жағдайда айналамыздағы барлық адам біздің кім һәм не екендігімізді біліп қояды деп сескенеміз. Ал қылмыскерлер болса, жазаның болмайтынын біліп, еркінсиді. Біздің тіс жармайтынымызды және өздерінің еш кедергісіз әрекет ете алатындығын олар біледі.

Ал мемлекет бізді неге қорғамайды? Оның да жауабы белгілі – құқық қорғаушы органдар, мемлекеттік статистика органдарының көзімен қарар болсаңыз, Қазақстанда ЛГБТ-ға қарсы дискриминация жоқ. Себебі, біз сотқа шағым жасамаймыз, жасасақ та шын себебін көрсетпейміз. Осылайша жалғаса береді.

Нәтижесінде құқық қорғаушылар мен белсенділер адам құқықтарының бұзылғандығын айту үшін нақты негіздеме таба алмай жатады. Статистиканың болмауы себебінен қағазға шұқып еш нәрсе дәлелдей алмайды. Мемлекет біздің мәселелерге көз жұма қарайды.

Біз өз өзімізді қорғауымыз керек – біз Қазақстанда дискриминацияға қарсы заң қабылдау қажеттілігін дәлелдеуіміз қажет. Бұл тәжірибе өзге де көптеген мемлекеттерде қолданыста, яғни дискриминацияға қарсы ашық шағым жасап, оның шын себебін бүкпей түсіндіруге мүмкіндік берілген.

Бұл үшін біз дискриминация жайлы бейресми болса да статистика жинауымыз міндет. Бұл мәліметтер кейін белсенділер мен құқық қорғаушылардың баяндамаларына, есептеріне негіздеме бола алады. Яғни біз өз статистикамызды өзіміз жинаймыз.

Сайтты жаңарту

Осыған байланысты Kok.team редакциясы сайтта бірқатар реформа жүргізуді ұйғарды. Әрбір мақаланың бас жағындағы «Қиындыққа тап болсаңыз» деген кнопканы байқаған боларсыздар . Оны басу арқылы сіз google-анкетасы бар парақшаға кіресіз, және бір келеңсіз жағдайға тап болсаңыз, осы анкетаны толтырасыз. Бұл анкета анонимді, біз сізден өз шын атыңызды көрсетуді сұрамаймыз. Біздің басты мақсат тек дискриминация жағдайларының орын алып жатқанын анықтау.

Егер бір жыл ішінде сіз бірнеше рет дискриминацияға ұшыраған болсаңыз, сонша рет анкетаны толтырыңыз. Бізге қылмыстың жалпы санын шығару маңызды.

Назар аударатын бір жайт – бұл анкета тек қана сіз ЛГБТ мүшесі болғаныңыз үшін дискриминацияға ұшыраған жағдайда ғана толтырылады. Кез келген басқа жағдайда, толтыру керек емес. Тек бекем болып, сотқа шағымданып, әділдікке заң жолымен қол жеткізіңіз.

Сонымен қатар, анкетаның шеңберінде толтыру міндетсіз жолдар бар. Бұл жолдарда сіз қандай оқиғаға тап болғаныңыз жайлы егжей-тегжейлі жаза аласыз, не болмаса қандай да бір көмек қажет болса, осы жолдарда жазып қалдыра аласыз. Біз редакция тарапынан көмек көрсетеміз деп кепілдік бере алмаймыз. Алайда, біз тілектес, ниеттес құқық қорғаушы ұйымдармен хабар алмасып, сіздің жағдайыңызды тапсыруға тырысамыз. Kok.team бірінші кезекте БАҚ құралы екендігін түсінесіздер деп үміттенеміз.

Өз ішімізде хабарды барынша жария ету

Біздің мақсатымыз бір жағдайда ғана толық орындала алады – Қазақстанда өмір сүретін ЛГБТ+ қауымдастығының басым бөлігі осындай статистика жинау құралы бар екендігін және оны Kok.team сайтынан табуға болатындығын білеуі міндет. Сіз осы игі іске өз достарыңызға осы қызмет жайлы айту арқылы немесе сілтеме жіберу арқылы ат салыса аласыз.

Аталған анкета орыс және қазақ тілдерінде қол жетімді.

Өткен жылы біз оқырман қауымнан көмек сұрап, сіздердің арқаларыңызда хостинг жалдап, домен атауына иелікті ұзартып едік. Редакция әлі күнге дейін жаратпай, сақтап жүрген сол қаражаттың қалғанын біз Facebook және ВКонтакте әлеуметтік желілерінің Қазақстандық сегменттерінде жарнама жариялауға жұмсағалымыз. Мүмкіндігімізше өз қаражатымыздан да қосуға тырысатын боламыз, себебі осы кампанияның маңыздылығын түсінеміз. Сіз де бұл мақсатта көмек көрсете аласыз. Төмендегі Qiwi-кошелек нөмірі бойынша біз сіздердің ақшалай көмектеріңізді қабылдаймыз. Қаражатты аударар кезде міндетті түрде «Әлеуметтік желідегі жарнама» деп көрсетуді ұмытпаңыз. Біз үшін сіз редакцияның қай әрекетін қолдағыңыз келетінін білу маңызды.

Барлығыңызға алғыс, біз сіздерді жақсы көреміз! Тыныштығын берсін!

Пікірлер

Log in or register to post comments

Или войти через: