close

You are here

19 April 20184178

Қыз сияқтысың

Дастархан басында бір топ адам отыр. Еркегі, әйелі, баласы аралас. Бұл бәрімізге таныс бейне. Қазақтың дастарханы театрланған көрініс секілді. Отырған әр адамның өз рөлі бар, ол рөлден ауытқымаса игі. Бірақ, осы дастарханда бір бүлік шықты. 5 жасар ұл бала «р»-ға тілі әрең келіп жүрсе де, дәретке отырса, өз құйрығын өзі сүрте алмай жүрсе де, білдей қазақ қоғамының түп-тамыры, негізіне қауіп төндіріп жүр.

Бұл бала өзін әзірге бүлікші екенмін деп жүрген жоқ. Айқайлап, шулап, жүгіріп ойнап жүр. Ол сөйлесе дауысты дыбыстарды созып сөйлейді, ым-ишарасы талдырмыш, ұялса мойнын бұрып, басын төмен қаратады, қуанса басын артқа салып, қолын сермей-сермей күледі. Бірақ, бұл баланың қылмысы ауыр. Ол ұл бола тұра, өзін қыз сияқты ұстайды.

Дастарханның бір басында оның әкесі ештеңе байқамағансып, түсін суытып отыр. Анасы, «тыныш, құтырма»-дей береді. Дәл сол сәтте, бір аға (не болмаса жезде, әйтеуір өзімізге таныс қазақтың «нағыз еркегі») «Осы сен неге қыз сияқтысың, ей? Еркек сияқты болмайсың ба?»-деп төтесінен қойып қалады. Бұны естіген әке шыдамай кетеді: «Тыныш деймін мен саған!» Анасы да қосылады: «Осыдан үйге барайық, сөйлесеміз!» Оған бала аң-таң. Сүт тістері енді түсіп бастаған кетік бала еркектің не екенін, әйелдің не екенін толық түсініп білген емес. Бірақ үлкендердің түсі суық. Ойын-күлкі бірден тыйылды. Дастарханның шырқы бұзылды. Баланың түсінгені тек біреу – ол ойнаса, ол күлсе, тіпті сөйлесе де, бұның бәрі қылмыс.    

Еркектің түсі суық болуы керек, сөзі аз болуы керек. Нағыз еркек қол алысып амандасады да, жеңіл ғана құшақтап арқадан дәл екі рет қағады. Құшағын кең жайып, қысып-қысып, жүзін құшақтаған адамның иығына көме құшса, оның несі еркек? Нағыз еркек жыламайды, тәнім ауырды демейді, жаным қысылды демейді. Көп сөйлеп ұрсыспайды да. Жан айқайын нағыз еркек тек бір жолмен ғана білдіре алады – ашу. Кеудеде жиналған күйіктен іші өртеніп, ызаға булығып, жұдырығымен кірпіш қабырғаны ұрып-ұрып жіберсе шіркін, міне, нағыз еркек! Содан да болар, нағыз еркек қатын-қалаш, бала-шағаны анда-санда ұрып тастаса да күнә емес. Еркек еркектігін істемей ма?

Дастархан басындағы бала өсті. «Әй, осы сен майысқақсың. Қызтекесің-ау!» деген сөздер оған үйреншікті де болып кетті. Қанша үйренгенмен, сол бала кездегі қорқыныш, үрей жүрегінің бір түбінде әлі де бұғып жатыр. Соның бәріне қарамастан, бұл бала нағыз еркек бола алмады. Дүниенің әсемдігіне, достық құшақтың жылуына, сүйем деген сөздің наздығына тәнті болып өскен бұл бала түсін суыта алмады. Құдай берген мінез емес па? Жігіт болды, жігіт болса да, ұялса әлі де мойнын бұра, басын төмен салады. Қуанса, асау сезім ішке сыймай жарқын күлкі болып сыртқа шығады. Басын артқа салып, қолын сермей-сермей күледі.

Жалғыз ғана айырмашылық, бұл жігіт енді бесте емес. «Еркек болу дегенің ашулы бол деген болса, қатулы бол деген болса. Еркек болу дегенің сүйгеніңе сүйдім деп айта алмай іштей түйілу болса. Еркек дегенің жұдырық сермеу, қан төгу болса, ондай еркектіктің құны көк тиын!»-деп айтуға бұл жігіттің енді қауқары жетеді. Күш-қауқары жетер-ау, енді соған батылдығы жетсе игі еді.

Пікірлер

Log in or register to post comments

Или войти через: