close

You are here

17 June 20193477

Қазақ квир отбасының арифметикасы

Менің бір ешқашан орындалмас арманым бар. Мен үйлену той жасағым келеді. Жай ғана үйлену той емес, нағыз қазақша үйлену той. Шал-кемпірлер ортаға шығып жарты сағаттан бата беріп, ағалар мас болып, жеңгелер содан күйіп-пісіп жүретін, іні-қарындастар ортада асабаның аяғына оратылып жүгіріп жүретін үйлену той. Бірақ, маған ондай той жасау бұйырмаған. Ерте ме, кеш пе мен де бір қосағымды табармын. Тіпті азын-аулақ жиын жасап енді бірге екендігімізді дос жаранға паш етерміз. Бірақ ол тойда тойдың көркін кіргізетін көп адам болмайды.

Қазақта тойдың маңызды ритуал екендігі баршаға мәлім. Бүтін бір әулеттің, рудың жұрты жиналып “екі жартының бір бүтін” болғанын межелеп, қазақ қоғамындағы тағы да бір онтологиялық бірліктің, яғни отбасының қалыптасуына ат салысады. Бұндай “бүтіндік”, алайда, тек ер мен әйелдің арасында ғана болуы мүмкін. Ал квир қазақтар қоғам көзінде бұндай бірлік құра алмайды. Себебі квир жұп ешқашан да бір емес, олар не екі, не мүлде жоқ.

Гетеросексуалды бірліктің формуласы 0,5+0,5=1 дегенге сайып келеді. “Екі жарты бір бүтін” деген де сол емес пе? Алайда, бұл жалған формула. Себебі, бұл формула екі жартының теңдігін меңзейді. Ер мен әйелдің гетеросексуалды одағы әуел бастан теңсіздікке негізделген. Яғни, екеуі екі түрлі қызмет атқарады, екі түрлі киім киеді, қоғамда мүлде екі түрлі, тең емес авторитетке ие. Сол себепті, бірліктің бірліктігін сақтап қалу үшін гетеросексуалды жұп әйел адамды толық жұтып алады. Отбасының аты, рудың аты, әулеттің толық идентификациясы тек қана ер адамның атыменен байланысады. Осындай бірліктерді тіркейтін қазақ шежіресінде әйел адам өзінің атынан, яғни оның бар екендігінің дәлелінен айрылады. Демек, шын мәніндегі гетеросексуалды бірліктің формуласы 1+ 0=1 болып тұр.

Бұл формула біздің санаға толық сіңген. Бірдің кім екенін де, нөлдің кім екенін де біз толық білеміз. Себебі, біздің мәдениеттің фундаменті болып кеткен отбасы әуел бастан тең емес екі санның, яғни бір мен нөлдің қосындысынан құралады. Квир жұп бұл формуланы бұзады, себебі екі еркектің қосындысы 1+1=2 болып кетеді. Еркек жоқ жерде екі әйел де толық бірге айналады да, тағы да осы формуланы береді. Себебі, әйелді оның бірлігінен айыратын еркек. Біз отбасылық “бірлік” формуласын бұзамыз. Сол себепті, менің аға-жеңгелерім менің тойыма келіп билемейді. Мен өзімнің бірлігімді сақтап қана қоймай, өз жарымның бірлігін жоққа шығармасам, оның атын шежіреден өшіріп, өз болмысыма сіңіріп, жұтып алмасам, мен “нағыз еркек” бола алмаймын. Отбасы үшін бар болмысын тәрк етуге, сіңіп, тарап кетуге келіспеген әйел де “нағыз әйел” бола алмайды. Сондықтан тек еркек пен әйел ғана бар әлемде біз, яғни квир адамдар, бейболмысқа айналамыз. Менің тіпті “мен геймін және мен бармын” деп айтуға хақым жоқ, себебі менің орным бейболмыста.

Бейболмыстан шығып кеткен квир адамдар, яғни болмысқа айналғандар бүкіл әлемнің тәртібінің тас талқанын шығарады. Бірақ, адам болып, жер басып жүргеннен кейін бейболмыста отыра берудің де мәні жоқ. Ендеше, бұл математикалық мәселенің шешімі қандай? Менің арманым осындай “отбасылық бірлік” құру болса, мен кімді нөлге айналдыруға дайынмын? Ондай бірлікке ұмтылудың мәнісі бар ма? Бірліктер әлемінде біз “екі” болып өмір сүреміз. Гетеросексуалды жұптың антропофагиясы мүмкін болмағаннан кейін квир адамдар құратын жұптар заңсыз, ұят және күнә. Ендеше менің арманым да өзгеруі керек шығар? Өз жарымды кездестіріп “екі жарты бір бүтін” болуды емес, жаңаша, бастан-аяқ квир отбасылық модельге, яғни “онтологиялық екілікке” ұмтылуым керек шығар? Басым қатты.

Пікірлер

Log in or register to post comments

Или войти через: